387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі министрлер мен әкімдердің жұмысы жіті қадағаланады

  • 171
  • UPD: 18:25, 03.09.2019

Президент тапсырмаларын орындауға бірінші басшылар жауапты болады. Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деді. Асқар Мамин енді министрлер мен әкімдердің жұмысына жіті мән берілетінін айтты. Шенділер мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қалай іске асырмақ? 

Үкімет үйіне тілшілер тегіс жиналды. Министрлерге қоятын сауал көп. Президент жолдауынан кейін Үкімет енді қандай қадамдарға барады? Мұқым жұртты осы мәселе толғандырып отыр. Сансыз сұраққа Бердібек Сапарбаев бірінші болып жауап беруге бекінді. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат беру үшін алдымен салымшының қанша жинағы бар екенін анықтап алу керек. Өйткені отандастарымыз зейнетке шыққан соң қаржыдан қиналып қалмауы тиіс. Есеп-қисапты түгендеп алған соң ғана нақты қандай ұсыныс жасайтынымыз белгілі болады. 

Шенділердің бірі қордағы ақшаны санап, бас қатырып жатқанда енді бірі Президент тапсырмасын қалай орындайтындарын шешіп тастапты. Мемлекет басшысы кеше әуе билеттерін арзандатуды міндеттеген еді. Тиісті министрлік рейстердің санын көбейту арқылы құнды түсіруге болады дейді. Fly Arystan енді  жолаушыларды жиі тасымалдайтын болады. Қазір күніне 14 рейс жасаса, жыл соңына дейін 30 рет ұшуды көздеп отыр. 

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Менің ойымша, біз бұл мәселені реттейміз. Алайда халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, сапарыңызды алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алған жөн. Сол кезде билет бағасы да тиісінше арзанға түседі. Ал біз сапар алдында бірнеше күн бұрын ғана билетті алсақ, онда әлбетте билет қымбаттырақ болады. 

Президент ұлттық компания қызметкерлерінің санын азайтуды да тапсырған. «Самұрық-қазына» бұл іске жең түре кіріскен екен. Осыған дейін компаниядағы мамандардың саны 30 процентке қысқарыпты. Төраға бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады дейді. 

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы: 

- Үкімет отырысында биыл үй кезегінде тұрғандардың республикалық базасы іске қосылатыны мәлім болды. Енді баспана алу кезегі әділ жүреді, барлығы ашық болады. Үкімет басшысы Президент тапсырмаларын орындау үшін жалпыұлттық жоспар құрылады деді.   

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жолдаудағы барлық бағыттар бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспары дайындалады. Мемлекет басшысының Жолдауының іске асырылуы толығымен қаржылай қамтамасыз етілуі қажет. Барлық мемлекеттік органдарға жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бойынша ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігіне 5 қыркүйекке дейін өткізуді тапсырамын. Ал ҰЭМ тиісті қаулы жобасын 7 қыркүйекте Үкіметке енгізу керек.  

Жиын соңында Асқар Мамин мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бірінші басшылар жауапты болады деді. Сондықтан министрлер мен әкімдердің жұмысы сын тезіне алынған сынды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы