387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы суармалы егістік алқаптарда картоп мол өнім берді

  • 137
  • UPD: 21:15, 03.09.2019

Мемлекет басшысы Қазақстан Халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселесін қойды. Павлодар облысында осы суармалы егіс алқаптарынан гектарына 500 центнерге дейін картоп жиналып жатыр.

Биылғы маусымда   жауын-шашын  аз болды. Соған қарамастан өнім мол. Өйткені егіс алқаптарында жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады. Қазір күзгі жиын-терім науқанының  қызған шағы. Ал егіс алқаптарының көлемін биыл мың гектарға көбейткен Ақсу өңірі келер жылы егістік алқапты толық суару жүйесіне көшірмек.

Топырағы құнарлы Ақсу өңірі  картоп өсіруге аса қолайлы. Соңғы жылдары  суару технологияларын кеңінен қолданатын шаруалар ас та төк өнім алуда. Картоп сапасына жаздың аптап ыстығы кедергі болмаған. Ел ішінде «Гагарин картобы» аталатын өнімге сұраныс қашанда жоғары. Ұзақ сақталады, қоректік құнары мол әрі  экологиялық таза.  

Светлана Жабағина, бригадир:

- Біздің картоптың сапасы жақсы. Сондықтан сұраныс жоғары. Ешкім шағымданып көрген емес. Сұрыптап, ең жақсы тауарды саудаға шығарамыз. 

Шаруа қожалығы  өнімді дала төсінен -ақ  сатып жатыр. Кезек күтіп тұрған тұтынушылардың қарасы қалың. Павлодар облысының   картобын көрші Ресей мен Қазақстанның көптеген  өңірлері сатып алады.

Қамит Пішембаев, шаруа қожалығының басқарушысы:

- Басында жүз теңгеден сатқан едік.  Ақырындап баға түсе бастады. Қазір 50 теңгеден өткізіп жатырмыз. Біз үшін бұл жақсы баға. Шығындарымыз толық  өтеледі.

Шаруалар картоп жинау науқанына қыркүйек айы туғанда кірісті. Бұл өнімнің әбден пісіп жетілген кезі. Қуаңшылыққа қарамай мол өнім алып жатырмыз дейді қожалық басшысы. Өйткені картоп алқаптары жаз бойы үздіксіз суарылған.

Равиль Мингазов, шаруа қожалығының басшысы:

- Алдын ала болжам бойынша өнімділік гектарына 500 центнерден келіп жатыр. Біз «гала» деген элиталық картоп сұрпын саламыз. Ерте пісетін түрлерінен көрсеткіш төмен болды. Қазір міне  400-500 центнерге тұрақтады. Өткен жылмен салыстырғанда жағдайымыз едәуір жақсы. Былтыр көктем  салқын болды. Соның кесірінен өнім кеш шығып. картоптың кейбір сұрыптары жетілмей қалған еді. 

Биылғы жылы картоптың «Шағалалы» сұрпынан 600 центнерге дейін  өнім алынған. Бұл отандық селекция. Картоп өсірушілер енді оны  батыл түрде аудандастыруды қолға алмақ. Жалпы жасанды суару технологиясының өзі  мол өнімге кепілдік береді. Ақсу өңірі  ауылшаруашылығы жерлерін толық суармалы егіс  алқаптарына көшірмек. Бұл шамамен 40 мың гектар жер. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы