386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі екі облыста егіс алқабы күйіп кеткен

  • 146
  • UPD: 21:17, 03.09.2019

Қостанай және Ақтөбе облыстарында құрғақшылық салдарынан егіс алқабы күйіп кеткен. Осыған орай арнайы комиссия құрылды. Енді егіс өнімділігінің төмендігінен зардап шеккен шаруаларға жергілікті билік қол ұшын созбақ.

Жалпы биыл еліміз бойынша егілген барлық дақыл көлемі 22,2 млн гектарды құрады. Жиын-терім барысында 5,4 млн тонна өнім жиналды. Атап айтар болсақ, оның орташа шығымы гектарына 11,5 центнерден келеді. Егін жинау науқанына 395 мың тонна арзан жанар-жағар май бөлінген. Десе де, биыл астықты өңірлердегі қуаңшылықтан 1,5 млн тонна астық кем жиналмақ.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бірақ бұл ішкі нарыққа қатты әсер етпейді. 19 млн астық жинаймыз десек, оның 9 млн ішкі нарыққа, 7-8 млн тоннасын экспортқа шығарамыз. Ар жағында 2 млн қалып отыр. Оның үстіне былтырғы жылдан қалған 1,5 млн астық бар.

Ал қостанайлық диқандар үшін егін жинау науқаны тағы үш аптаға созылатын түрі бар. Бұған өңірдегі қолайсыз күн райы себеп. Болжам бойынша  орақ жұмыстары қыркүйектің алғашқы онкүндігінде аяқталуы тиіс еді. Қазір 625 мың тонна астық қамбаға құйылды. Көктемде алқаптарын сақтандырып, жазда құрғақшылыққа ұшыраған шаруашылықтар бүгінде тиесілі төлемақысын алып жатыр. Шамамен аптап ыстықтан зардап шеккен 74 мың гектардай алқап сақтандыру төлемақысына жатқызылады.          

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Қазіргі күнге шаруашылықтар үшін көктемгі дала жұмыстарына алынған 13,6 млрд теңге кредиттерді пролонгациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар техника лизингіне алынған 2,3 млрд теңге және 2,2 млрд теңге мал шаруашылығы бағдарламалары бойынша несиелер. 

Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын солтүстік қазақстан облысында орақ науқаны осымен төртінші күн тоқтап тұр. Өткен аптаның соңынан бері жауған жауын-шашын, диқандарды әбігерге салды. Дегенмен биыл өңірде күзгі дала жұмыстары әдеттегіден 10 күнге ерте басталған. Нәтижесінде осыған дейін жалпы егістік алқабының 21,5 проценті орылды. Астық берекелігі гектарына 14,6 центнерден айналып отыр. 

Ерболат Бекшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 3-4 күн жаңбыр болды. Тек бүгін ғана дұрыстала бастады. Сәтін салса, бірнеше күннен соң ораққа қайта кірісеміз. Ауа райы қолбайлау болмаса науқанды қыркүйектің 20-25-не дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір өңірде жалпы сиымдығылығы 6 миллион тонна болатын астық сақтау қоймалары дайын тұр. 

Жалпы еліміз бойынша сыйымдылығы 12,4 млн. тонна 187 астық қабылдау кәсіпорны дайын тұр. Ал осы маусымда «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» шаруалардан  1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отыр.

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы