386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Интернет арқылы есірткі жарнамалаушыға қарсы жаза қатаңдатылады

  • 123
  • UPD: 23:07, 03.09.2019

Синтетикалық есірткі мен темекі қоспалары әлеуметтік желі арқылы баршаға қолжетімді болып тұр. Психобелсенді заттар қазір Қазақстанда есірткі нарығының 40 процентке жуығын жаулаған. Құқық қорғау органдары да қол қусырып қарап отырған жоқ. Есірткі бизнесімен күресті барынша күшейтті.

Бірақ нәтиже бар ма? Жалпы есірткі саудалағандарға жаза қандай? 

Бұл кадрдағы көрініс ешқандай қойылым емес. Рухани жан дүниесі кедейленіп, жан азабын тартқандардың бейнесі. Оларды мұндай күйге түсірген не дейсіз ғой? Синтетикалық есірткіге елітіп, естері кеткен.

Руслан Латифуллин де біраз жыл бұрын есіртікнің шырмауына түсіп, марихуананы есіре шеккендердің бірі. Тіпті, синтетикалық есірткінің де дәмін татқан. Оның кезекті дозасын сатып алуда, еш қиындық болмаған. Себебі сатушыны бұрынғыдай іздеп сабылмай, әлеуметтік желіден оңай табатынмын деп еске алады.

Руслан Латифуллин:

- Мен өзімді қуыс кеуде адамдай сезінетінмін. Психологиялық ауырсынуды бастан кештім. Көшеге есірткісіз шықпайтын күндерім болды. Содан синтетикалық есірткіге көштім. Себебі, оны сатып алудың қиындығы жоқ. Белгілі мессенджер орнатсаң жеткілікті. Электрондық әмиян арқылы төлеу үшін деректемелер береді және "бетбелгілер"деп аталатын нақты орналасқан мекен-жай жіберіледі. Болды. Талай алаяқтарға да алдандым. Сонда да тоқтай алмадым.

Синтетикалық есірткіні тұтынған адам оған тез тәуелді болып, 2-3 айдың ішінде психикалық аурудың шырмауынан шыға алмай қалады екен.

Гүлмира Сәдуақасова, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері:

-  Есірткінің бұл түрі де өте қауіпті саналады. Тәуелділікке ұрындырады. Арты жүйке ауруларына  ұласады. Олардың жаны мен қоса санасы да уланады.

Ал Руслан есірткінің шырмауынан құтыла алды. Анығы, отбасы құтқарды. Сөйтіп, елорданың наркологиялық орталығында емделіп, оңалтудан өткен. Қазір мұндай жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі.

Руслан Латифуллин:

- Өмірім қирап қалғандай болды. Денсаулығыма қауіп төнді. Қайта мен дер кезінде ес жиып, бас тарттым. Кезінде менімен есірткі тұтынған адамдардың 6-ауы өмірден өтті.  Қазір, өз қауіпсіздігім үшін азғырушылармен байланыс  жасамаймын.

Бұл ұнтақты сатушылар  әбден әккіленіп алған. Сатушы да, тұтынушы да әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді еркін пайдаланады. Тіпті, тауарын «лақап атпен» жарнамалаудың да әдісін тапқан. Үйлердің кіреберістері мен қабырғаларында "Тұз" немесе "ұн" сатылады деген жазуды кездестіруге болады. Жанында - әлеуметтік желідегі мекен-жай мен телефон нөмірін көрсетеді. Бір қарағанда қарапайым ғана жарнама болғанымен, астарында есірткі жатыр. Оны құқық қорғау органдарының мамандары анықтап білген.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс - қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда күресіп жатырмыз. Ақында ғана Шымкент қаласында бір топты құрықтадық. Нұр-Сұлтан қаласы мен Шымкент қаласымен бірге 586 грамм, 1,5 таблетка тәркіледік. Былтырғы жылы Солтүстік Қазақстанда фентанил деген жарты кг есірткі тәркіленді. Ол да синтетикалық есірткі. Жақында Талғар ауданында 110 гр астам есірткі тәркіленді.

Жыл басынан бері Қазақстанда 4,5 мың астыртын есірткі сататын сайт бұғатталған. Сонымен қатар есірткі сату орындары көрсетілген үйлердің қасбетіне салынған мыңнан астам сурет жойылды. Енді әлеуметтік желілерде есірткі жарнамалайтындарға жаза күшейтілмек. Заңға өзгерістер енгізілсе, олар 8-15 жыл аралығында бас бостандағынан айырылуы мүмкін.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы