385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы 1800 әлеуметтік нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыз

  • 79
  • UPD: 09:45, 04.09.2019

Тең құқық, бірдей мүмкіндік! «Инклюзия» тең дәрежеде, өзгелермен бірге оқу, даму деген ұғымды білдіреді.

Десе де, қоғамдық ортада мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын қарастыру назардан тыс қалып жатады. Президент өз жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз деді. Қоғамдық сананы өзгерту уақыт еншісінде. Ал әзірге оның нақты көрінісі қандай?

Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаевтың пікірінше, Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы үшін бірқатар жұмыс атқарылуда. Мұндағы жағдай өзге қалалармен салыстырғанда көш ілгері. Алайда кемшіліктер де бар. Мысалы, арнайы тексерістен өткен 3000 әлеуметтік нысанның 1800-і қазіргі талапқа сай жабдықталмаған. Яғни мүгедектер үшін қолайсыз саналады. Бұдан бөлек, жаяу жүргінші жолы, қол арбамен көтеріліп түсуге арналған пандустар мәселесі тағы бар.

Әли Аманбаев, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:

– Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, арбамен жүретін азаматтардың құқығы бұзылып жатыр. Сіз оны мүмкін байқамайсыз. Көлікке міне алмайсың. Бізде Алматыда 70 пайыздай көлік бейімделген. Қолжетімді. Бірақ жүргізушілер аялдамаға дұрыс тоқтамайды.

Қаладағы жаңадан салынған нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескерілген. Ал ескі ғимараттарды қайта жарақтау әлі де жалғасады. Алматы халықаралық әуежайында қол арбамен көтерілетін ыңғайлы пандустардан бөлек, зағип жандар үшін жол сілтейтін дауысты сызбалар бар. Ал сөйлей алмайтын жандар тіркеу бөлімінде сурдоаударма қызметін пайдалана алады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында тағдыр тауқыметіне налымай, іскерлік танытып, кәсіпкерлікпен айналысатындар баршылық. Мысалы, инклюзивті оқыту бағдарламысы аясында екінші топтағы мүгедек Заһира Бегалиева цифрлық даму жобасына жетекшілік етеді. Оған 88 адам қатысқан.

Жалпы Алматыда 40 мыңнан астам адам мүгедек санатына жатады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін ең бірінші қоғамдық көзқарасты өзгерту қажет. Ол әр адамның тәлім-тәрбиесі мен адами ұстанымынан басталады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы