385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Инклюзивті білім беру жүйесі қаншалықты тиімді

  • 102
  • UPD: 09:47, 04.09.2019

Қазақстанда 80 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 4 мыңға жуығы аутизм дертіне шалдыққан.

Ал олардың қатарластарынан қалыспай, лайықты білім алуып, дамуына қандай жағдай жасалған?

11 жасар Алуа – аутист бала. Дендеген дертіне қарамастан, бейнелеу өнеріне ғашық. Суреттері көз қуантады. Менің бейнемді де қағазға түсіруге ниет білдірді. Қарсы болмадым. Есесіне, естелік болар туындыға ие болдым. Елордадағы арнайы орталықта Алуа сияқты 14 бала бар. 

Әлия Әбдібайытова, ата-ана:

– Менің баламның аты – Әмір. Оның науқас екенін он жыл бұрын білдік. Осы уақыт ішінде, әрине, оң өзгерістер болды. Бірақ басында қатты қиналдық. Себебі балаға ерекше күтім керек болды. Ал инклюзивті білім беру туралы мүлде айтылмайтын. Қазір аутист балалардың мектепте оқуына жағдай жасалуда.

Инклюзивті білім демекші, еліміздегі мектептер ерекше балалармен жұмыс істеуге дайын емес. Қазақстанда аутизм дертіне шалдыққан балалар көбейіп келеді. Бұған білікті мамандардың дұрыс диагноз қоя білуі себеп. Өкінішке қарай, аутизм емделмейді. Десе де, балаларды қоғамға бейімдеу күн тәртібінен түспеген.

Жанна Қалиева, аутист балаларға арналған орталық кураторы:

– Бізде өте жақсы заң бар. Бірақ дұрыс орындалып жатқан жоқ. Әсіресе, өңірлерде ол жайлы мүлде білмейтін ата-аналар бар. Құжатқа қол қойылса, әр балаға бір-бір маманнан беріледі. Оны мемлекет қаржыландыруы керек. Әзірге жоба мектеп оқушыларына арналған. Біз балабақша мен колледж үшін де қарастыруды ұсынамыз.

Қазір елорданың өзінде 1000-нан аса аутист бала бар. Ал «Дара» қайырымдылық қоры мүгедек баласы бар отбасыларға кешенді көмек көрсетуде. 2017 жылдан бері елімізде 20-ға жуық инклюзивті білім берудің ресурсты орталығы ашылған. Онда балалармен психологиялық жұмыс, арнайы мамандар мен педагогтардың тығыз байланыс орнатуы, ата-анамен қатынас, сондай-ақ әр баланы жеке бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір қор мамандары өңірлерде психологиялық-педагогикалық түзеу орталықтарының ашылуына ықпал етуде.

Марал Шешембекова, «Дара» қайырымдылық қорының жоба және бағдарламалар директоры:

– Соңғы бес жылда «Дара» қорына қолдау көрсеткен түрлі компаниялардың арқасында елімізде 27 орталық ашылды. Жылдың соңына дейін тағы жетеуін ашқымыз келеді. Жүйелі жұмыс болса, ерекше қамқорлыққа зәру балалар осындай орталықтарға келе береді. Біз орта білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнаттық. Мақсатымыз – бала білім алу керек.

Мамандар мүгедек балалардың үйден білім алуын құп көрмейді. Себебі өзін қоғамнан алыс сезінген олардың дамуы кері кетеді екен. Демек, инклюзивті білім берудің маңызы зор.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы