389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда машина жасау саласы қалай дамуда

  • 346
  • UPD: 18:18, 05.09.2019

Биыл елімізде машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

Осылайша бұл бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып, экспортты еселеуге басымдылық берілмек. Шығыс Қазақстандағы өндіріс орындары үкіметтік деңгейде мұндай бағдарламаның қабылданғанына қуанышты. Өйткені бүгінде жетістік көп болғанымен, мәселелер де жетерлік. Соның бірі – салаға заманауи технологияны игерген жас жұмысшы мамандарды тарту.

Қазақстан машина жасаушылар одағына облыс бойынша 200-ден астам кәсіпорын енеді. Олардың арасында машина құрастырудың негізі саналатын балқыту және ұсталық цехтары, темір өңдеумен айналысатын мекемелер бар. Өндіріс сипаты жылдан жылға дамып келеді. Заман талабына сай жас мамандар болса жоқтың қасы.

Зоя Новолодская, Қазақстан машина жасаушылар одағының өңірлік өкілі:

– Салаға жаңа технологияны игерген жұмысшы жастар жетіспей жатыр. Мәселен, жаңа форматты металл жонушылар немесе заманауи фрезершілер бүгін саусақпен санарлық. Олардың еңбекақысы да өте жоғары. Ондай мамандарды кәсіпорындар бір-бірінен сатып алады деуге де болады.

Кәсіпорындар әзірге кадр тапшылығын өз күштерімен шешуде. Мәселен, мына инжеренингтік мекеме өз ішінен IT орталық ашқан. Мамандар осы жерден шыққан құралдарда жұмыс істеп дағдыланып, білгендерін әріптестеріне үйретеді. Дулат ірі өндіріс орнына арналған электрощить жинастырады. Айтуынша, бұл кәсіпты меңгерген маман жерде қалмайды.

Дулат Дүсіпов, электромонтер:

– Ең алдымен электротауарды білсең болды, әрі қарай жеңілірек болады, бұл мамандық барлық жерге керек, бірден барлығы келе бермейді, ақырындап жетістікке жетуге болады.

Ал жұмысшы мамандығына ғұмырын арнап жүрген Петр Шинкаревты өлкедегі кәсіпорындар жақсы таниды. Өнеркәсіптік арматура зауытында істейтін қария бүгінгі жастарға үлгі. Қарт ұста жасы 90-нан асса да, кәсібінен қол үзген жоқ. Үйретерім де, үйренерім де көп дейді.

Петр Шинкарев, құрметті машина жасаушы:

– Бүгінгі жастардан менің де үйренерім көп. Зейнетке шығу мен үшін өте үлкен сынақ болды десем де болады.Өйткені маған темірдің ың-шыңы өте ыстық.Өзім қозғалыста жүргенді ұнатамын.Жұмысшы болып-ақ үй салып, жағдайымды жасадым.

Машина жасау саласындағы мамандар 40-пен 65 жас аралығындағылар екен. Олар кетсе, кадр тапшылығы бірден сезіледі. Қазірдің өзінде конструкторлар мен инженерлер, жабдықтарды баптаушылар, станок операторлары аз. Сондықтан жұмысшы мамандығының дәрежесін арттыру керек және оқу орындары барынша заман талабына сай мамандықтарды ашуға бет бұру қажет, дейді сарапшылар. Бұл ұсыныстарын олар жақында өтетін Қазақстан машина жасаушыларының 7-форумында тағы да ортаға салмақ. Айта кету керек, өткен жылы елімізде бұл сала бойынша жалпы 1 трлн 100 млрд теңгенің өнімі шығарылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы