389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 8 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарып жүр

  • 134
  • UPD: 20:24, 04.09.2019
БҚО-да 8 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарып жүр

Батыс Қазақстан облысында 8 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бауыр еті баласынан жеріген олар табысын көрсетпейді, қайда тұратынын айтпайды, істейтін жұмысын да жасырады. Сот орындаушылар соңдарына шам алып түскенмен, қарыз көп.

Әр оқу жылының басталуы жалғызбасты ана Ақмарал Жұмағалиева үшін кәдімгідей сынақ. Ол 10 жастағы қызын мектепке дайындау үшін туыстарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Азғантай еңбекақысы барлық қажеттілігін өтеуге жетпейді. «10 жыл бұрын ажырасқан бұрынғы жолдасым қызына мүлде қарайласпайды», - дейді ана.

Ақмарал Жұмағалиева, қала тұрғыны:

- Әкесі қызын бірде-бір рет көрген жоқ, 1 жасынан бері келген жоқ. Көмектескен де жоқ. Сот орындаушылардың арқасында олар өздері тауып, өздері барымен көмектесіп, өздері жылына, алты айда бір рет тиын-тебен алып береді. Өзі келіп көмектесу деген жоқ.

Аймақта алимент төлеушілер саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Бүгінде борышкерлер 8 мыңнан асқан. Ұзақ жылдар бойы қарызын қайтарудан қашып жүргендер көп екен. Арасында зейнеткерлер де бар. Олардың қарызы зейнетақыдан, ал жұмыстағылардың еңбекақысынан ұсталады. Бір балаға табыстың төрттен бірі, ал 3 балаға жалақының тең жартысы бөлінеді.

Жангүл Айтқожақова, Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

- Алимент төлемеудің негізгі себептері – борышкерлердің тұрғылықты жұмыс орындарының болмауы, өзінің жұмыс орнын қасақана жасыруы, жалтаруы, мүлкін өз атына аудармауы және ең бастысы, алимент төлеуге деген ниетінің болмауы.

Алиментті уақытылы төлемейтіндерге айыппұл салынады. Жүргізуші куәлігінен айырып, мүліктері мен банктегі есепшоттары бұғатталады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бірақ әзірге қарызы үшін әлі ешкім түрмеге түспеген.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ботакөз Базарбаева, Роза Сатқанова

Хабар 24 телеарнасы