387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының тұрғындары елді мекен жанындағы құрылысқа наразы

  • 186
  • UPD: 22:38, 04.09.2019

Көктеректе жайылым тарылып барады. Қолдағы бірлі-жарым аша-тұяққа өріс аздық етіп отырғанда, дәл ауылдың іргесін әлдекім қоршап, құрылыс жүргізуге кіріскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, Ақмола облысына қарасты бұл елді мекенннің тұрғындары аудан әкімінің есігін қағып, тілшілерден көмек сұрауға мәжбүр.

Бүгін Көктерек ауылының тұрғындары қатты ашулы. «Себебі, айдаладағы белгісіз біреу іргеден қора салып, 1 гектар жерді ағаштарымен қоса қоршап, бізді басынып отыр», - дейді. Олардың айтуларынша, бәрі заңсыз. Олар бұған дейін осы бассыздықты айтып, аудан әкіміне де барған екен. Ал әкім халықпен кездесуге өзінің орынбасары мен бірнеше бөлім басшысын жіберіпті.

Ауылдықтар «бұл жер біз үшін өте маңызды», дейді. Себебі, олар, елді мекендегі қандай да бір бұқаралық іс-шараларды осы орманның баурайында өткізеді екен.

Ескендір Исин, Көктерек ауылының тұрғыны:

Мына жерде Көктеректің 80 жылдығын 9 жыл бұрын өткізгенбіз. Жылда осы жерде той өткізілетін. Ендігі жылы, Алла жазса, 90 жылдығын жасамақшымыз. Сол 90 жылдық жасайтын жерімізден айрылып қалып отырмыз. Мына жігіттер келді де, ағашымызды, той жасайтын жерімізді басып, ішіне кіріп кетіп отыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

-Бұл құрылыстан елді мекен үшін төніп тұрған тағы бір қауіп – жайылымның тарылуы. Себебі, ауыл маңында онсыз да мал өрістейтін жер өте аз. Ал, мына жерге белгісіз біреу мал әкелсе, бізді ығыстырады деп қорқады тұрғындар.

Ескендір Исин, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Елдің маңайының бәрі егін. Мынау болса, тау, мынау болса, ағаш. Орманшы келіп, малымызды ағаштың ішіне бақтырмайды. «20 метр, 50 метр ағаштан кейін ұстаңдар» дейді.

Аудандық әкімдіктен келген құзырлы мекеме басшыларының сөзінше, мұндағы 1 гектар жер өткен жылдың көктемінде Шолпан Құрмансейітова деген азаматшаға оның арызы негізінде бақша салу мақсатында екі жыл мерзімге жалға берілген екен. Ал, заң бойынша бақшалық жерге құрылыс салуға болмайды.

Дастан Рахымжанов, Зеренді ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта Зеренді ауылдық округі әкімінің атынан жарлық шыққан жоқ. Жер берілген жоқ ЛПХ-ға. Егер де жер берілсе ондай мынадай құрылыстан салынады. Ал, бау-бақша болса, онда мынадай құрылыстан салу негізі заңсыз. Комиссия құрылады. Егер де заңсыз болса, онда мына  құрылыстар заңсыз болып, алынатын болады.

Бұл заңсыздықты аудандық сәулет бөлімі де растады.

Рүстем Жұмабеков, Зеренді аудандық сәулет бөлімінің жетекшісі:

-Ешқандай құжаттар келген жоқ. Біз рұқсат берген жоқпыз. Егер түссе де біз бермейміз. Бұл құрылыстар заңсыз, ештеңе салынбайды бұл жерге.–Яғни, салуға болмайды.

Ол, ол ма? Заңды белшесінен басқан белгісіз кәсіпкер, мемлекет меншігіндегі орман қорына тиесілі 40 шақты қайың ағашын да қоршап алғаны анықталды. Ол маңайда арнайы жолақ бар екенін ескерсек, олардың мұндай әрекетке қалай емін-еркін барғаны таңғалдырады.

Батыржан Әбілпейісов, кіші-түкті орман шаруашылығы мекемесінің директоры:

Орман шаруашылығының заңнамасына сәйкес аталған қоршалған жер телімінің аумағында мемлекеттік орман қорына тиесілі 0,3 гектар ағаш қалып қойып отыр. Қазір біз меншік иесін анықтау үшін құзырлы органдарға сұрау салдық. Оны тапқан соң заң жүзінде тиісті шаралар қолданылады.

Ал аудан әкімінің орынбасары халықты сабырға шақырып, «бұл мәселе түбегейлі зерттеледі», - деп сендірді.

Еркеш Әленов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

-Айғайламай, шуламай, ақырын ғана осы мәселені шешуге бәріміз тырысайық. Біз қай уақытта болса да, халықтың жағындамыз. Сол үшін еңбек етіп жүрген адамбыз. Анық-қанығына жетейік.

Осылай деген жергілікті билік өкілдері мәселенің мән-жайын толық зерттеу үшін арнайы комиссия құрылатынын жеткізді. Алдағы аптаның дүйсенбісінде бұл жер қайта өлшенбек. Ал, жер телімін алған азаматшамен кездесу мүмкін болмады. Алайда, аталған ауыл тұрғындарының бірі өзін кәсіпкердің серіктесімін деп таныстырып, оны «ауылға инвестор ретінде бір көмегі тиер» деп өзі ертіп келгенін айтты.

Серік Сағадиев, Көктерек ауылының тұрғыны:

-Сонда ауылдың халқына жұмыс берем деп отыр ма? Ауылдың халқына түгел жұмыс бола алмайды ғой. Бұл жерде жаңағы үлкен өндірістік орын емес қой. Жекеменшік қой жәй, шағын ғана. Мысалы, 50-70 қой ұстасақ деген ой бар ғой. Соған қаншама кісі қажет, соған ғана орын табамыз. Жаңағы айтылып жатқан заңсыздықтарға сіздің ойыңыз қандай? Оны заң ретінде қарау керек. Заңсыздық жоқ деп ойлаймын енді. Енді жаңағы 47 ағаш қоршалып жатыр деп айтып жатырмыз ғой. Ол жерде жаңағы 47 ағашты қойып, 300 куб отын да кетіп жатыр ғой, мысалы.

Құрылысты салып жатқан адамның жақтасы осылай деп ақталды. Бірақ ең сорақысы, осыншама заңсыздықтарға бір жыл бойы жол беріп қойып қарап отырған мемлекеттік органдардың ісі тұрғындарға түсініксіз күйінде қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы