389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада қалалық даму акселераторы іске қосылды

  • 285
  • UPD: 22:28, 04.09.2019
Елордада қалалық даму акселераторы іске қосылды

Елордада «Қаланың даму акселераторы» ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы мақсат – қала билігі мен тұрғындардың арасындағы ашық байланысты нығайту. Арнайы жұмыс тобы маңызды үш саланың түйткілді мәселелерін шешуге кіріскен.

Енді қоғамдық көлік қозғалысы, жеке пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы және қаланың тазалығы басты назарда болады.

Естеріңізге салайық, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында халықпен берік байланыс орнатудың маңыздылығын баса айтқан.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

Қала өскен сайын тұрғындардың талап-тілегі мен шағым-арызының көбеюі заңды. Коммуналдық мекемелердің қызметі көңілден шықпай жатады. Қоғамдық көлік саласында қордаланған мәселе көп. Қаланың тазалығын сақтау өз алдына. Мұндайда тұрғындардың үнін билік бірден естісе құба-құп.

Гүлвира Әбетова өзі тұратын қаланың проблемаларына бей-жай қарай алмаған. Шаһар басшысының әлеуметтік желідегі жазбасын көріп, жұмыс тобының құрамына кіруге өтініш білдіріпті. Арнайы топта әкімдік қызметкерлерімен қатар белсенді тұрғындар, қоғамдық бірлестік өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар және кәсіпкерлер бар. Олар бас-аяғы 100 күннің ішінде бас қаладағы басты проблемаларды жан-жақты зерттеп, шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Мұндай жоба дамыған елдердің тәжірбиесінде бар. Жұмыс тобының алғашқы отырысында елордадағы түйткілді мәселелер қаралды. Мысалы, жеке пәтер иелері өз құқықтарын дұрыс білмейді. Ал, кооперативтердің жұмысын жетілдіру керек.

Гүлвира Әбетова, қала тұрғыны:

- Топ мүшелері ақылдаса келе, Smart Astana және Astana Innovations қосымшалары негізінде пәтер иелеріне қалаған тілінде сапалы ақпарат беру керек деп шештік. Сондай-ақ басқарушы органдардың басшылары өздері атқарып жатқан жұмыстарын ашық көрсетіп, хабарлап отырса жақсы болар еді. Бұл жобаға қатысудан қашқан басшылар аутсайдерлер тізіміне енеді.

Яғни, екі тарап ашық алаңда пікір алмасуға мүмкіндік бар. Тұрғындар бұған дейін iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы арқылы мұң-мұқтаждарын билікке айтып отырды. Әкімдіктегілердің мәліметінше, біріңғай байланыс орталығы тиімділігін дәлелдеген. Өткен жылы 1 млн-нан астам өтініш қаралса, биыл жыл басынан бері 800 мыңға жуық талап-тілек қабылданған. Яғни, халықтың шағым-арызы көбеймесе, азаймай тұр. Қала тазалығына қатысты қордаланған проблема жеткілікті.

Сәкен Махамбетов, комиссия мүшесі:

Бұл салада бірнеше бағыт бойынша негізгі проблемаларды анықтап, мониторинг жүргізу керек деп шештік. Алдымен мемлекеттік сатып алу қызметінің сапасына бақылау жүргізу керек. Сондай-ақ халықпен жұмыс жүргізу қажет. Біздің негізгі міндетімізкөрсетілетін қызмет сапасының бағасына сай болуын қадағалау. «Ақша қайда жұмсалып жатыр?» деген сұрақтың жауабы болуы керек.

Жұмыс тобы 100 күннен кейін бас қосып, атқарылған істерді айтады. Оған дейін тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдайды. Қоғамдық диалог ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз жолдауында айтқаны. Яғни, халықпен тиімді кері байланыс орнату кезек күттірмейтін мәселе. Ал, қай салада қандай кемшілік бар, нені жетілдіріп, нені жаңғырту керектігін тұрғындардың өздері-ақ айтып береді. Ең бастысы, естір құлақ болса болғаны.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы