389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы Шарон мен Қиғаш өзендеріне қарасты су арналары тазартылып жатыр

  • 193
  • UPD: 22:40, 04.09.2019

Атырау облысындағы Шарон мен Қиғаш өзендеріне қарасты су арналары тазартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл екі өзеннің табаны соңғы қырық жылда мүлдем аршылмаған екен. Соның салдарынан өзектер бітеліп, судың ағысы бәсеңдепті.

Тіпті кей жерлерде тереңдік 1,5 метрге дейін таяздап, балықтар мен су көліктеріне қиындық туған. Енді жергілікті билік екі жылдық бағдарлама жасап, бірқыдыру жұмысты қолға алған.

Қиғаш, Шарон өзендерін Каспий теңізіне қосатын су арналарының ұзындығы 100 шақырымнан асады. Табиғаты тамылжыған өзен жағалауларын мыңдаған аң мен құс мекен етеді. Сондай-ақ, Қиғаш бойының мақтанышы саналатын су жаңғағы мен әйгілі лотос та тек осы жерде. Сулы өңір жағалауды бойлай қонған ауылдардың да негізгі күнкөріс көзі. Шабындықтар мен жайылымды айтпағанның өзінде балық шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол.

Алайда қырық жыл бойы аршылмаған су арналары құмыға бастады. Өзектердің тереңдігі кей жерлерде небәрі 30-40 см ғана. Бұл өз кезегінде су көліктерінің қозғалысын қиындатып, балықтардың негізгі өрісіне шығуына кері әсер етеді. Сол себепті былтырдан бері су арналарын тереңдету жұмыстары басталды. Жоба бойынша орташа тереңдік 2,5 метрден кем болмауы тиіс.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Судың деңгейін көтеру арқылы ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік туады. Шабындықтарға су шығаруға қол жеткізіледі. Сонымен қатар бұл адамдардың тұрмыс жағдайының жақсаруы және осы жерге келетін туристер үшін оның ішінде экотуризмді дамытуға үлкен үлес қосатын маңызды жоба.

Аудан үшін негізгі сала балық шаруашылығы болғандықтан, бұл өзектердің өнеркәсіптік маңызы зор. Былтырғы жұмыстың нәтижесінде балықшылар көктемгі балық аулау маусымын жемісті аяқтады. Жалпы аудан бойынша 150 шақырымдық су арнасының 127 шақырымы келер жылға дейін аршылуы тиіс.

Бауыржан Нұрғалиев, мердігер мекеменің өкілі:

- Енді әрі жағында 14,2 шақырым жаңадан канал қазылады. Жаркөсе каналы осы шыққанда Әбу аралы мен Жаркөсе каналының ортасынан шығып, теңізге қосылады. Ол балық жүруге және табиғи құстар жануарлар өмір сүруіне үлкен серпін береді.

Өзендермен қатар Каспий теңізінде де тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар балықшы кемелерінің теңізге еркін кіріп-шығуына әрі өңірдегі су қатынасының жандануына игі ықпал етпек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

 

Хабар 24 телеарнасы