387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде 1200-ден астам адам мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болған

  • 150
  • UPD: 10:29, 05.09.2019
Ақтөбеде 1200-ден астам адам мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болған

Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында бірыңғай ұлттық жүйе құрылады. Бұл туралы Президент Жолдауында айтылды. Нәтижесінде «халықты баспанамен қамту бағыттары оңтайландырылып, ортақ ереже жасақталады» дейді ақтөбелік құзырлы мекеме өкілдері. Бүгінде қала бойынша 1200-ден астам адам мемлекеттік бағдарламалардың арқасында баспаналы болған.

Жуырда ғана жаңа баспанаға ие болған Жасұлан Ешпановтың қуанышында шек жоқ. Себебі бұған дейін көп балалы отбасы пәтер жалдап тұрған. 80 шаршы метрден асатын үш бөлмелі пәтер төрт балалы жанұяға жайлы. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында берілген баспананың алғашқы жарнасын төлеуге атқарушы билік те қолдау көрсеткен.      

Жасұлан Ешпанов, қала тұрғыны:

- Оқу бітірген соң біраз уақыт пәтер жалдап тұрдық. Еңбек еттік. «Өз баспанамыз болса екен» деп армандадық. Бүгінде сол мақсатымыз орындалып отырғанына қуаныштымыз. Әрі бұл балаларымыздың да несібесі деп білем. Үй алуды ойлаған барша азаматтарға сәттілік тілеймін. 

Бұл бағдарлама бойынша баспана алушылардың қатары алдағы уақытта көбейе түспек. Тек жыл соңына дейін 500-ден астам отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланған. Үйлер қала аумағында бой көтерген «Нұр Ақтөбе» жаңа шағын ауданы мен екінші деңгейлі пәтерлерден берілмек. Жалпы бағдарламаны іске асыру үшін биыл 4 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Ал «Президент Жолдауы аясында бірыңғай жүйе қабылданса,  халықты баспанамен қамту ісі әлдеқайда қарқын алмақ» дейді мамандар.  

Ерлан Рамазанов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының м.а.:

- Пәтер алу жөнінде неше түрлі бағдарламалар бар. Осыған орай ортақ жүйесін құру туралы  тапсырма берген. Мысалы, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасы бар және күшіне еніп жатқан «Бақытты отбасы», бұрындары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы да баспаналар сатылған болатын. Осылардың барлығын жинақтап ортақ жүйе қалыптастырылаып, өйткені азаматтардың арасында түрлі пікірлер қалыптасады, түрлі ойлар қалыптасады. Негізі бұл бастамасы дұрыс деп санаймыз.

Мемлекеттік бағдарламалар арқасында баспаналы болғандардың саны жыл санап артып келеді. Оның ішінде көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және өзге де санаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыруға баса мән берілуде.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Алдағы уақытта ел бойынша баспана кезегінде тұрғандардың ортақ базасын қалыптастыру туралы жоспарда бар. Бүгінде Ақтөбеде 23 мыңнан астам адам арнайы есепке алынған. Оның 10 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік әлсіз топ өкілдері. Мамандар, Президент жолдауынан кейін бұл бағытта сенімді істердің атқарылатынына сенімді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы