387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2050 жылға қарай 5,5 млрд адам су тапшылығын сезінеді

  • 127
2050 жылға қарай 5,5 млрд адам су тапшылығын сезінеді amic.ru

Елордада «Орталық Азиядағы су мәселелері бойынша диалог: Ұлттық арқылы жалпы өңірлікке» тақырыбымен Орталық Азия сарапшыларының екінші форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БҰҰ болжамына қарағанда, 2050 жылға қарай  жер беті тұрғындарының жартысы немесе 5,5 млрд адам  су тапшылығын сезетін болады. Мұндай жағдайда су ресурстарын тұрақты басқарудағы халықаралық ынтымақтастық  мәселесі, өмірлік аса қажетті осынау ресурсты келесі буынға сақтау барынша өзекті бола түсері анық. Бұл мәселе Орталық Азияда да барынша өткір тұр. Болжамды бағалауға сәйкес, ғасыр ортасына таман бұл өңірдің халқы 90 млн адамнан асып жығылмақ. Қазақстан осыған орай өңірлік елдердің күш-жігерін аталған мәселені тиімді әрі стратегиялық тұрғыда ұтымды шешуге жұмылдыруға дайын», – деді  форум жұмысын ашқан ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова.

БҰҰ-ның Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман бұл форум Орталық Азия елдерінің сарапшылық институтары арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге бағытталған бірегей шара екендігін баса айтты.

«Форум өңірлік ынтымақтастық шын мәнінде Орталық Азия елдері үшін басымдықты саналатындығын дәлелдеп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл ұмытылысты жан-жақты қолдайды. Бүгінгі біздің пікірталасымыз су ресурстары тақырыбына арналады. Бұл - Орталық Азия үшін барынша  тыңғылықты қаралуы тиіс тақырып. Су біздің әрқайсымыздың тіршілігіміз үшін мәні зор ресурс.  Су – бұл өмір», – деді Наталья Герман.

Айта кетейік, форумның бірінші күнінде су-экология, су-энергетика мәселелерін шешу бойынша Орталық Азия елдерінің ұстанымдары мен тәсілдері жан-жақты талқыға түседі. Ал халықаралық шараның Бурабайда  жалғасатын екінші  күнінде сарапшылар экологиялық, инвестициялық және ақпараттық трендтер мен туризмді дамыту мәселелерін қозғайды.

Хабар 24 телеарнасы