385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар азық-түлік тауарларының қымбаттап кеткеніне алаңдаулы

  • 137
  • UPD: 22:11, 05.09.2019

Азық-түлік соңғы 2-3 айда біршама қымбаттады.

Бірлі-жарым заттар болмаса, өнім құны аса өсе қоймайтын Түркістанда да осындай жағдай.

Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, нан мен ұнды былай қойғанда көкөністің де бағасы көтерілген.

Ал күріш пен еттің бағасы шарықтап тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Үкіметке азық-түлік құнын реттеп, баға саясатын тұрақтандыруды тапсырған еді. Осыған орай өңірдегі өзекті мәселені жауапты мамандар бірге талқылады.

Топырағы құнарлы Түркістан облысы еліміз бойынша жеміс-жидек пен көкөністің отаны саналады. Былайғы жұрт береке мен молшылықтың мекені деп біледі. Өңір шетелге ет экспорттап, ет өнімдерін өндіруден де алда келеді. Биыл аймақта ет өнімін экспорттау жоспары екі жарым еседен асып түсті. Жыл басынан бері жергілікті кәсіпкерлер 12 мың тоннадан астам етті экспортта шығарып, 100 мың тонна ет өнімін өндірген. Бірақ соған қарамастан, соңғы 2 айда өңірде ет бағасы 1750-ден 2 мыңға бірақ шықты. Облыстық статистика департаментінің хабарлауынша, бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өскен.

Болат Балқыбеков, облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Мұнда нан мен ұнның бағасы өткен жылдың күзінен бастап өсіп келе жатыр. Сонымен қатар тамыз айында шілдемен салыстырғанда, қырыққабат 25,7%, сиыр ет 5,9%, күріш 3,8%, жұмыртқа3,3%, сәбіз 37,9%, картоп 30,5% қымбаттады.

Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттап кеткеніне алаңдаулы. Статистика департаменті мамандарының айтуынша, оған Түркістан қаласы мен облыс аумағында азық-түлік жеткізіп беретін көтерме сауда орындарының жоқтығы себеп. Кәсіпкерлер жергілікті тауар өндірушілерге қолдаудың жоқтығын, соның салдарынан өнім өндірушілер көшедегі алып-сатарларға жем болып жатқанын айтады. Әйтпесе, базарда мал арзандағанымен, еттің бағасы қымбат.

Райымбек Мыңбеков, кәсіпкер:

– Бізде әлі өнім өндірушілерге қолдау болып жатқан жоқ. Жарық пен жанармай қинап жатыр. Екінші өнімді базарға әкелгенде алып-сатарларға жем боп жатыр. Шындап кірісу керек қой. Комиссия құрылады, бәрі аяқсыз қалады.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, бүгінге дейін тұрақтандыру қоры арқылы 228 млн теңгеге азық-түлік сатып алынған. Сондай-ақ 859 млн теңге болатын 10 мың тонна азық-түлік тауар өндірушілердің қоймасында тұр. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының депозитінде осы бағытқа жұмсалатын тағы да 237 млн теңге сақтаулы тұрғанын айтады. 

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бұл дегеніміз біздің облыста азық-түлік тауарларына бағаны толық тұрақтандырып, жағдайды бірқалыпты ұстап отыруға мүмкіндік бар деген сөз. Дегенмен жергілікті жерде аудан-қала әкімдіктерінің тиісті жерлерде ұйымдастырылмауы және осы тауарлар қоймада бола тұра, өтінім бермеуінің нәтижесінде кейбір өңірлерде еттің, күріштің бағаларының өскендігін байқауға болады.

Түркістанда 14 әлеуметтік дүкен болса, онда Үкімет бекіткен 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатылады. Оның 7-і өзімізде өндіріледі. Тауарлар нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен саудаланады. Алайда мұнда да түрлі құйтырқылықтардың болатынын облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев жайып салды. Мәслихат хатшысы тұрақтандыру қорының жаңа басшысын халыққа адал қызмет етуге шақырды.

Қайрат Балабиев, облыстық мәслихат хатшысы:

– Сіздер бизнес жасайсыздар. Төмен бағамен картошка аласыз, оны пайдалану керек. Сосын базарға апарып қоясыздар, төменгі бағамен. Оның көбісі шіріп кеткен. Сапасы төмен болған соң халық алмайды. Сосын оған базардың иесін кінәлі етесіңдер, сапасыз тауарды ел алмайды. Кейін статистикаға, әкімшілікке тиісу басталады. «Неге баға жоғары» деп. Сондықтан жаңадан тағайындалдыңыз, сіздің мақсатыңыз халыққа қызмет ету болу керек.

Бүгінде облыстық тұрақтандыру қорында 10 мың тоннадан астам қажетті азық-түлік қоры бар. «Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар тауарларға қажеттілік туындамайды. Өнім жеткілікті, баға тұрақты болады» деп сендірді жергілікті жауаптылар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы