384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған 10 оңалту орталығы бар

  • 277
  • UPD: 12:12, 06.09.2019

Қызылорда облысында 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан есепке алынған болса, соның 5 мыңға жуығы балалар.

Денсаулығында кінәраты бар жас өскіндердің жартысы ғана арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының жолдауында тірек-қимыл ақауы, сал ауруы және ақыл-есі дамуында тежеу байқалған балғындарды емдеудің кешенді шараларын қолға алу керектігі айтылды. Сондай-ақ халықтық үндеуде ел президенті шағын және орта оңалту орталықтары желісін кеңейтуді тапсырған болатын. Осы ретте Қызылорда облысында кембағал жандарды әлеуметтік қолдауға бағытталатын шығын 2 есеге артады.

Жыл аяғына дейін 8,5 мыңнан астам сырбойылық техникалық оңалту құрылғыларымен қамтылмақ. Оған қоса, тағы 1500 өңір тұрғыны отандық сауықтыру нысандарында емделуге мүмкіндік алады. Аймақтың өзінде озық үлгідегі әмбебап қондырғылармен жабдықталған 10 оңалту орталығы бар. Олардың қатары арта бермек.

Алтын Есқараева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Республикада бірінші рет мемлекет пен жекеменшік әріптестік жағдайында біз Шиелі ауданында «Шиелі-Думан» орталығын аштық. Ол жерде 50 бала күндізгі жағдайда қызмет алып отыр. Тірек-қимылы нашар балаларды 2009 жылдан бастап күндізгі жағдайда қызмет көрсетіп келе жатырмыз. Егер сол жылдары бар-жоғы 100 бала қамтылса, қазір олардың саны 300-ге жуық.

Мамандардың айтуынша, балалар аурушаңдығын төмендету үшін ерте жастағы диагностиканы жетілдіру қажет. Ата-аналар балаларының дыбыс шығару, есту, сөйлеу мүкістігіне дер уақытында назар аудармайды. Мәселен 3 жасар бала кемінде жүз сөзді түсініп, айта алуы тиіс. Ал біз «еркелігі ғой, өсе келе жөнделер» деп уақыт оздырады екенбіз.

Светлана Асанова, логопед:

3 жаста бала сөйлемесе, баламен айналысу керек. Невропатолог, логопедке апару керек. Балабақшаға бару керек, балаға сөйлейтін орта керек. Сол кезде бала сөйлейді, онымен коррекциялық жұмыс жасау керек. Біз айтамыз, 80% ата-ана жасайды, 20% біз кеңес береміз. Ата-ана көп жұмыс жасау керек.

Қазіргі таңда көзі нашар көретін және құлағында мүкісі бар аймақ тұрғындары тарапынан арнайы ноутбуктер, заманауи ортопедиялық, сурдо және тифлотехникалық құралдарға сұраныс көп. Аталған инвозаттар да жыл соңына дейін оңалту орталықтарына қолданысқа берілмек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы