387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын ескереміз

  • 169
  • UPD: 13:19, 06.09.2019

Азаматтық белсенділік, ел тағдырына деген жауапкершілік және тұрмыс сапасын жақсартуға ұмтылу халқымызды алға жетелейді.

Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайту үшін қызмет етеді. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Қазақстан президенті соңғы уақытта ел азаматтарын алаңдатқан жер мәселесіне де тоқталып өтті. «Жер шетелдіктерге сатылады және көрші елдің 55 ескі зауыты қазақ жеріне көшіріледі деген әңгімелер тарап жүр. Алайда бұл қауесет, даңғаза сөз», - дейді Тоқаев. Президент мұндай әңгімелер ел ішіне іріткі салу үшін әдейі таралатынын айтып, Қазақстан әрқашан ұлттық мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоятынын атап өтті. Сонымен қатар дамушы елдерге шетел инвестициясын тартудың маңызды екенін де тілге тиек етті. Осы бағытта жетістікке жеткен Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея елдерін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан озық технологияларды игеру үшін бүкіл әлеммен байланыс орнатып, ынтымақтаса жұмыс істеуге әрқашан ашық болатынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады деген немесе көрші елдің ескі 55 зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады» деген секілді түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Біз ұлттық мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоямыз. Тағы да шегелеп айтам, жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын ескереміз, басты назарда болады. Шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылады. Көптеген дипломаттар мен саясаткерлердің, сарапшылардың теріс болжамына қарамастан Қазақстан мемлекет ретінде орнықты. Оған Тұңғыш Президентіміз және бүкіл халқымыз зор еңбек сіңірді. Қазір біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдық межесіне жақындап келеміз. Осы маңызды белесте тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын нақты реформалар арқылы бекемдеуіміз керек. Ұлттық келісімнің тағы бір маңызды шарты озық-даму үрдістеріне ашық болу. Теріс жаһандық үрдістерге қарамастан, біз ашық мемлекет болып қаламыз.

Хабар 24 телеарнасы