389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бір аптаның ішінде кеңестегі ұсыныстар құжат болып жинақталады – Ерлан Қарин

  • 214
  • UPD: 16:06, 06.09.2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қоғам белсенділері тарапынан айтылған ұсыныстар құжат түрінде жинақталады.

«Бір аптаның ішінде ұсыныстарды жинақтаймыз, сосын бір құжатқа түсіріп, жұмыс топтарының талқылауына жібереміз», – деді ҚР президентінің кеңесшісі, кеңестің хатшысы Ерлан Қарин.

Айта кетсек, тамыз айының 28-інде Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы кеңестің дайындық отырысы өткізіліп, отырыста әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғырту мәселелері бойынша 3 жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған болатын.

«Үш топ өзара кеңесіп, қандай мәселелер көтерілуі керек екенін анықтап, сәйкесінше әр топтан 2 спикер шығып, өздерінің жұмыс топтарының жұмыстарын жариялайды», – деді Ерлан Қарин.

Айтуынша, аталған үш топ ұсыныстар бойынша талқылаулар ұйымдастырады. Содан соң ұсыныстардың қалай жүзеге асатыны анық болады.

«Бүгінгі көтеріліген ұсыныстар қоғам дамуының барлық салаларын қамтиды. Саяси, экономикалық даму бағыты бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Әртүрлі пікірлер айтылды. Меніңше, кеңес бүгін ашық пікірталас алаңы ретінде өзін анық көрсете білді. Бүгінгі жиын барысында кеңес мүшелері ең маңызды мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында мамыр айында жариялаған болатын.

12 маусымдағы жарлығында Президент әкімшілігіне Азаматтық қоғам өкілдерімен, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен тығыз консультациялар өткізу бойынша тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес 1 ай бойы, маусым-шілде айларында тиісті ақыл-кеңес кездесулері өткізіліп, соның негізінде Ұлттық кеңестің алғашқы құрамы анықталды.

Хабар 24 телеарнасы