387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында биыл 50 бала техникалық мамандықтарға тегін оқытылады

  • 136
  • UPD: 15:32, 06.09.2019
Ақмола облысында биыл 50 бала техникалық мамандықтарға тегін оқытылады

Ақмола облысында биыл 50 бала жергілікті компанияның есебінен Көкшетау мемлекеттік университетінде тегін оқитын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін аталған оқу ордасы мен тау-кен кәсіпорны осындай меморандумға қол қойды. Келісімнің нәтижесінде компания оқу орнына жыл сайын 200 млн теңгеге жуық қаражат бөліп отырмақ. Ал, бұл қаржы студенттердің оқуынан бастап, жатақхана, шәкіртақы, шет елдерде өндірістік тағылымдамадан өту мен тамаққа кететін шығындарға жұмсалады. Мұндай әлеуметтік жоба аймақта алғаш рет қолға алынып отыр.

Айта кетейік, бүгінде аталған университетте 860 бала 8 мамандық бойынша білім алуда. Ал, тегін оқитын 50 бала ақылы бөлімдегі студенттердің арасынан іріктеліп алынбақ. Жалпы Ақмола облысында бүгінде тау-кен саласына 400-ден астам маман жетіспейді екен.

Хасен Әбсәламов, политехникалық факультет деканы:

- Жұмыс берушілерге айттық, өздеріңіз мына жанындағы ауылдардың балаларынан, мына Обуховка ауылының балаларын, мына Зеренді ауылының балаларын, өзіміздің осы жақтың балаларын, соны тыңдап, таңдап, оқу оқығысы келеді, бірақ жағдайы жоқ балаларды таңдап алып келіңіздер дедік.

Виктор Долголев, кәсіпорынның атқарушы директоры:

- Біздің кәсіпорын қарқынды дамып келеді. Сондықтан кадр тапшылығы сезілуде. Қазір бізге геолог, тау-кен байыту ісінің мамандары, механиктер, тіпті дәнекерлеушілер де жетіспейді. Сондықтан осындай үлкен қадамға барып отырмыз. Сөйткенде ғана біз өзімізге сапалы әрі тұрақты мамандарды таңдай аламыз.

Хабар 24 телеарнасы