387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында мемқызметшілер үстінен 50-ден астам шағым түскен

  • 132
  • UPD: 22:31, 06.09.2019

Қарағанды облысында 6 жарым мыңға жуық мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Жыл басынан солардың жұмысына қатысты 50-ден астам шағым түскен.

Тоғызы тексерістерден кейін жауапқа тартылды. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін аймақ билігі біраз жұмысты қолға алды. Оларға тілшіміз Айнұр Абдиева тоқталады.

Қазір бас маман қызметін атқарып отырған  Айым Алыбекова президенттің кадрлық қорға құжат тапсырған жастардың бірі. Мемлекеттік қызметте 5 жыл тәжірибесі бар. Бұл іріктеудің бірден бір талабы. Кадрлық қорға 35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады. Үміткердің міндетті түрде жоғары білімі болуы қажет. Іріктеуден өткен үздіктер келешекте түрлі саланы басқаратын лауазымға тағайындалады деп күтілуде. Қорға өтудің бірнеше кезеңі болады.

Айым Алыбекова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы:

- Бұл әр мемлекет қызметшісі үшін үлкен мүмкіншілік деп ойлаймын және де осы кадрлық резервке түсу арқылы мемлекетіміздің дамуына өз септігімді тигіземін деп сенемін.

Мемлекеттік қызметкер болу үшін қазақ тілі мен заңды жақсы білу керек. Үміткерлер арнайы тестілеуден өтеді. Үш жылда бір рет өзінің біліктілігін шыңдап, қызметін әрі қарай жалғастыруға рұқсаттама алады. 2017 жылы Қарағанды облысының 5 мыңға жуық мемлекет қызметшісі кәсіптік дайындығын шыңдады. Қорытынды бойынша 250 адамның мансабы жоғарыласа, 4 шенеуніктің көрсеткіші төмен болғандықтан лауазымдарынан босатылды.

Айгүл Байханова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Президенттік кадрлық резерв құрылайын деп жатыр. Оған ең креативті, ең талантты жастар іріктеледі. Олар тиісті оқудан өтіп, ары қарай басшылық лауазымдарға тағайындалып, мемлекеттік аппараттың қызметі тиімділігін көтеруге өз әсерін тигізеді.

Президент жолдауында мемлекеттік қызметкердің халықпен тығыз жұмыс істеуі баса айтылған болатын. Осы орайда Қарағандыда барлық мемлекеттік қызметтердің басын қосатын  бірыңғай үйлестіру орталығы ашылады. Аймақ тұрғындарының барлық өтініштері талданып, олардың орындалуы жіті бақылауда болатынына уәде берді облыс басшысы.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы