387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста тоғыз сектордағы қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды

  • 145
  • UPD: 21:55, 06.09.2019

Арыстағы жарылыстан зақымданған үйлердің 97% қалпына келтірілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің ақпараты бойынша апат кезінде қалада 7634 үй бүлінген. Бүгінге дейін соның 7335-сі жөнделіп, жаңа кейіпке енді. 

Тойгүл Әленованың баспанасы тұруға жарамсыз боп қалған. Арнайы құрылған комиссия шешімімен сүріп тастап, орнына жаңа үй салу міндеттелді. Қазір құрылысшылар жаңа баспананың қабырғасын көтеріп, төбесін жабуға кіріскен. Олар осы айдың соңына дейін Әленовтардың отбасын жаңа баспанаға кіргіземіз деп отыр. Ал үй иелерінің мердігер мекемеге айтар алғысы шексіз. 

Тойгүл Әленова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Сносқа кетті үйіміз, содан басынан бастап салды. Рахмет балаларға, олардың өздері де жаңадан бастап жатыр. Фирмаға рахмет, Елбасына рахмет, халқымызға рахмет. Осы халықтың арқасы әйтпесе мүмкін емес. Азық-түлігімізді жеткізіп берді халық.

Ал Шымкент қаласына тиесілі секторда 580 жеке үй мен 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 570 жеке үй мен 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Ал 10 үй қайтадан тұрғызылды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласына қарасты 9-секторда 57 көп қабатты, 642 жеке тұрғын үй бар. Оның ішінде 229 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, 257-інде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 156 үй толық қайта салынуда.

Алтынбек Қайсағалиев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:

- Жалпы 1467 үй бар. Күрделі жөндеу жұмыстары 10 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Жаңадан 156 үй сүріліп, қабырғасы қаланып, шатыры жабылды 120 үйдің. Қалған 36 үй  іргетасы қаланып, көтеріліп, кірпіш қаланып жатыр.

Комиссияның шешімімен Арыс қаласы бойынша 466 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінге дейін 188 үй қайта салынып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір қалған 278 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 9 секторда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, құрылысшылар үйлеріне қайтарылды. Қалған секторлар қыркүйектің соңына дейін құрылысты толық бітіреміз деп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы