387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы апат кезінде ерлікпен көзге түскендер арасында түрлі мамандық иелері бар

  • 286
  • UPD: 21:54, 06.09.2019

Елордада Арыстағы апат кезінде ондаған, тіпті жүздеген адамды аман алып қалып, ерлікпен көзге түскен азаматтар марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларға қысылтаяң шақта көрсеткен көзсіз ерліктері үшін  ордендер мен төсбелгілер табыстады. Еңбегі еленген азаматтардың арасында әскерилер, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, тіпті балабақша қызметкерлері де бар. Ақордада өткен салтанатты жиын жайлы әріптесім Нұршапағат Несіпбаев кеңірек баяндайды.

Кеудесіне төсбелгі тағылғандардың арасындағы жасы кішісі Асқар Әбдіқалық. Арыстағы балабақшалардың бірінде жүргізуші болып жұмыс істейтін ол небәрі 19 жаста. Алайда жарылыс кезінде бойын тез жиып, көлігімен 70 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Сын сағатта үрейге бой алдырмаған Асқар «марапат алар сәтте толқынысымды баса алмадым» дейді.     

Асқар Әбдіқалық, «Ерлігі үшін» төсбелгісінің иегері:

- Қуаныш сезімі болады екен. Қуаныш сезімімен қатар қорқыныш сезімі де қатар жүреді екен. Жақсы барлығы. Барлығы орнымен, Арыс қаласы да аяққа тұрып келеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында көзсіз ерлікке барған азаматтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Президент олардың өз өмірін өзгелердікінен жоғары қоймай, қатерге бастарын тіккенін айрықша атап өтті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қарапайым еңбек адамдары сын сағатта сабыр сақтап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Мысалы, Асқар Әбдіқалық лидер балабақшасыгдағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал, медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жеткізді. Олар сол сәтте өздерінің өміріне де қауіп келерін ойламастан тәуекелге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген және паналатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ерлігімен көзге түскен азаматтарға екінші және үшінші дәрежелі «Айбын», «Құрмет» ордендерін, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын табыстады. Бұл марапатқа негізінен әскерилер, құтқарушылар, өрт сөндірушілер және төтенше жағдай қызметкерлері ие болды. Ал апат кезінде науқастар мен жараланған тұрғындарға  көмек көрсеткен дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер «Шапағат» төсбелгісімен марапатталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Зардап шеккендерді  емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын. Дәл осындай төтенше жағдай кезінде азаматтарымыз бір адамдай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етті. Барлық өңірдің өкілдері Арысқа аттанып, қаржлай және заттай көмек көрсетті. Азық түлік жолдады. Бұл біздің халқымызға тән мейірімділік, парасаттылық деп білемін. 

Арыс қалалық балалар ауруханасының медбикесі Күмісай Тұманова да бүгін еңбегі еленгендердің бірі. Ол «Шапағат» төсбелгісін кеудесіне тақты. Айтпақшы, қазақ елінің астанасына алғаш рет келіп отыр екен, сондықтан «бейбіт күніміз көп болсын» деген тілек айтты. 

Күмісай Тұманова, Арыс қалалық балалар ауруханасының медбикесі:

- Елімізде енді бейбітшілік болсын. Арысымыз көркейе берсін. Ешқандай елде ондай жағдай болмасын деп тілеймін.

Тыныштыққа ештеңе жетпесі анық. Ал еңбегі еленген азаматтар президенттке бүгінгі көрсеткен құрметі үшін алғыстарын айтып, тарқасты.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы