389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетау іргесіндегі ауылда мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлер құлағалы тұр

  • 176
  • UPD: 23:25, 06.09.2019

Көкшетаудың іргесіндегі Нұрлыкөш ауылының үйлері құлаудың аз алдында тұр. Себебі баспаналар сапасыз салынған. Мұндағы әрқайсысы екі пәтерлі 138 үй осыдан тура 10 жыл бұрын шетелден келген қандастарымызға арнап мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген еді.

Құрылыстың өте нашар екенін көрген қоныстанушылар, ай сайынғы жалға алу ақысын да төлеуден бас тартқан. Сөйтіп, мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннің мәселесі күн өткен сайын күрделеніп барады.

- Біз енді осы үйлерге келгелі 10 жылдай уақыт болды, міне. Солай келгелі әлі ремонт жасаймыз. Міне туалеттің іші қап-қара, түсіп жатыр. Жылда осындай ремонт жасаймыз дала, үйге. Ешқандай ремонт жоқ.

Атамекенге Моңғолиядан көшіп келген көпбалалы ана Төлеу Әткейқызы «сапасыз үйді жамап-жасқаудан шаршадық» дейді. Айтуынша, жөндеуге жыл сайын 500 мың теңгедей қаржы кетеді екен. Бірақ нәтижесіз. Себебі жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайды. Ал күн суытса, үйдің іші боран болады.   

Төлеу Әткей, Нұрлыкөш ауылының тұрғыны:

- Амалдың жоқтығынан тұрып жатырмыз бұл үйде. Үй суық. Асты толған бұрқырай, сыртынан да суық келеді, ішінен суық келеді. Астыға салатынның бәрін осы үстіге жамылатын көрпеден тартып астымызға саламыз, шындап айтқанда. Қазір 7-8 тонна көмір жағамыз бұл үйге жылына. Сол көмір жағып, отын-көмірдің күшімен шығамыз. 

Нұрлыкөштегі екі үйдің бірі осындай жағдайда. Көпшілігінің қабырғасы қақырап жатса, кейбірінің төбесі опырылған. Баспаналардың сапасыз салынғаны соншалық, тіпті көбісінің іргетасы да жоқ. Ал бұл өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды. 

- Міне осылай ажырап жатыр ішіне қарай кетіп стена. Мына жерлер ол түсіп жатыр, міне қопсып. 

Жергілікті әкімнің айтуынша, аталған ауылға бірнеше рет миллиондаған қаржы бөлініп, сыны кеткен үйлер жөнделген екен. Әр жылдары берілген қаражаттың жалпы сомасы 250 млн теңгеден асады. Ол жұмыстардың нәтижесі көзге көрінбейді. Сондай-ақ тұрғындар үшін құрылыстың сапасынан да өткір бір мәселе бар. Ол меншік иелерінің қолында ешқандай құжаттың жоқтығы. Бұл да 10 жыл бойы шешілмей келеді. 

Гүлзира Рамазан, Нұрлыкөш ауылының тұрғыны:

- Акиматқа барсаң, акимат ЖКХ-ға сілтейді. ЖКХ-ға барсаң, өзіміз қайта жауап береміз дейді. Арыз жаздыртып алады құр, ответ жоқ. 

Аталған мемлекеттік мекемелер бізді де ары-бері сілтеді. Жауапсыз мердігер жазаланды ма? Тұрғындар неге құлайын деп тұрған үй үшін ақша төлеуі тиіс? Ешқайсысынан мардымды жауап жоқ. Тек бір белгілісі, келісім-шарт бойынша әр отбасы ай сайын 6 мың теңге жалға алу ақысы мен 23 700 теңге қаражатты банкке сөзсіз өткізуі міндет. Ал бір пәтердің құны 3 млн 100 мың теңгенің шамасында. 

Нұрлан Айсин, Красный Яр ауылдық округінің әкімі:

- Соның 50 пайызын олар жинау керек еді. Ай сайын төлеу керек еді. Ондай ақша ешкімнен жиналмаған. Басым көпшілігі жиналмаған. Арасында бір-екеуі ғана жиналған. Одан кейін олар 1 жарым млн теңге жинап, сосын анау Тұрғын үй жинақ банкі тағы 1 жарым млн беріп, 3 млн теңгемен олар өздерінің атына түсіру керек еді. Ондай жұмыстар жүргізілмеген, ақша төленбеген. Үкімет не істейді енді? Солай бола бере ма? Енді оны төлеу керек. Төлегеннен кейін барып олар өздерінің аттарына түсіріп алады. Сол жүргізілген, жасалған келісім-шарт бойынша. 

Осы он жылдың ішінде 270-тен астам отбасының арасынан тек 2 отбасы ғана тиісті қаражатты уақытылы аударып, үйлерін өз аттарына рәсімдеп алыпты. Қалғандарының көбісі апатты үй үшін ақша төлемейміз дейді. Құрылыстың сапасыздығын жақында ауылдықтардың арыз-шағымы бойынша Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов Үкімет басшысына жеткізді. Енді тұрғындар жоғарғы жақтан жақсы жаңалық болып қалар деген үмітпен күтіп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы