389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астанаэнергосервис» компаниясы өз жұмысын тоқтатты

  • 182
  • UPD: 23:54, 06.09.2019

Алдағы уақытта тағы ондаған квазимемлекеттік сектор нысандары таратылуы керек. Мұндай шешім шаһар бюджетін 2 млрд теңгеге дейін үнемдейді деп күтілуде. 

«Астанаэнергосервис» компаниясы тарады. Мәжіліс депутаттары бұған алаңдаудың қажеті жоқ дейді. Себебі ұйымның қала үшін түк пайдасы болмаған. Әйтсе де, әкімдік пен өндіруші компаниялар арасында қызмет көрсететін делдалдардың күні жарық. Басшылардың қалтасына түсіп жатқан ақшаның шегі жоқ дерсің. Бірақ, бітіріп жатқан шаруасы шамалы. Депутаттар тараған ұйымның былығы көп екеніне сенімді. «Тексеру керек» дейді. 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Компанияны таратқаны жақсы. Бірақ, олар келтірген шығынды кім өтейді? Осы жылдар ішінде делдал ұйымды тариф есебінен қаржыландырып келгеніне сенімдімін. Бұлай тікелей жасай қоймас, бірақ басқа ұйымдар арқылы жүзеге асырғаны анық. Осы мәселені министрлікке жолдадық. Олар өңірлердегі осындай ұйымдардың бар-жоғын анықтап, халыққа келтірілген шығынды өтеуге міндеттеуі қажет.  

Елімізде коммуналдық қызмет ақысы еселеп өсуде. Экономист Рүстем Жансейітов халық тірнектеп тапқан ақшасын қайда жұмсап жатқанын білуі тиіс дейді. Оның ойы да депутат пікіріне жақ. Тариф құнына делдалдарды асырау ақысы да кіруі мүмкін. 

Рүстем Жансейітов, экономист:

- Елдегі монополияны екіге бөлер едім. Оның бірі мемлекеттікі болса, екіншісі жекенікі. Бүкіл әлемде бар тәжірибе бізде де бар. Баға келісіммен бекітіледі. Ал мемлекеттегі монополия үнемі жабық, жасырын. Тариф қалай жасақталады? Кімнің жалақысы қандай? Шығындарды халық біле бермейді. Шағымдар осыдан шығады. Меніңше, монополистер халықпен тығыз байланыста болуы керек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдегі тариф пен баға нарығына алаңдаулы. Ол жақында ТҮКШ саласын ретке келтіруді міндеттеді. Пайдасы шамалы компанияларды қысқартуды ұсынған да өзі. 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Коммуналдық қызмет ақысының тым жоғары болуы өзекті проблема. Соның салдарынан халықты қолдауға бағытталған бағдарламалар еш кетіп жатқан сияқты. Өзіңіз ойлап көріңізші, зейнетақы, шәкіртақы өсіп, басқа да жеңілдіктер енгізілген сайын баға да шарықтап шыға келеді. Монополистердің тірлігі осы))

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Мемлекет басшысының пәрмені қалай орындалады? Ұлттық экономика министрлігі дәрменсіздік танытты ма? Әйтеуір біз жолдаған ресми сауалды жауапсыз қалдырды. Онда осындай делдал компаниялардың нақты саны және оларды кім қаржыландырып отырғаны жайлы сұралды. Байқасаңыз, мемлекет басшысының ашықтық туралы тапсырмасы тағы да ескерусіз қалды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғани Алшынбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы