389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 7 мектеп апатты жағдайда деп танылды

  • 224
  • UPD: 19:08, 07.09.2019

Батыс Қазақстан облысында 7 білім ордасы апатты жағдайда деп танылды.

Ондағы оқушылардың басым бөлігі көршілес мектептерге көшірілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бірең-сараңы әлі де сол тозығы жеткен мекемелерде білім алып жатыр. Қабырғасы қақыраған көне ғимараттар қаншалықты қауіпті?

«Ет комбинаты» ауданындағы мына ғимараттың салынғанына 85 жыл. Алайда, мектеп ұжымы мерейтойды атап өтпейтін болды. Себебі, білім ордасы екі жыл бұрын апатты жағдайда деп танылды. Соған қарамастан, балалар осында оқып келді. Көктемде төбесі ортасына түспесе, әлі де оқи берер ме еді. Бүгінде оқушылар жақын маңдағы №2 мектепте білім алып жатыр.

Үміт Ерғалиева, №33 орта мектеп директоры:

Оқушыларымыздың білім алуына оқу кабинеттерінің саны жетіспеді. Мектепте жобалық қуаты 280 балаға арналған. Бүгінге дейін бұл мектепте 416 оқушы білім алды. Жалпы мектептің ғимараты салынғаннан бастап ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген.

Ал Оралдың орталығындағы №8 мектеп апатты білім ордаларының қатарына биыл қосылды. Жаңа оқу жылынан бастап балалар қаланың шет жағындағы өзге мектепке уақытша көшкен. Дегенмен, жаңа орында да жағдай мәз емес. Кабинеттер жетпеген соң факультативтер сенбіге қалдырылып, ал мұғалімдер бөлмесі дәлізге көшкен.

Анаргүл Қаржауова, №8 мектеп директоры:

Жобалық қуаты 1200 орынға арналған бұл мектепте 1350 бала оқып жатыр. Оның үстіне біздің 485 оқушы қосылды. Негізі біздің мектепте 600 бала бар еді. Оқу процесінің қаланың шетіндегі шалғай мекенжайға ауыстырылуына байланысты 110 баланы ата-аналары шығарып алды. Қазір екі ауысымда оқып жатырмыз.

Аталған екі мектеп басқа нысандарға уақытша орналасып, шешім тапса, №31 мектеп оқушылары әлі де апатты орында білім алып жатыр. Алпыс жыл бұрын салынған ғимараттың заман талабына сай келмесі анық. Спорт залы жартылай жертөледе орналасқан. Ескірген жабдық пен тозған мүлікке ұстаздар да разы емес.

Рушан Бағамбет, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Көріп тұрсыздар ғой, мынаның бұрыштары қандай екенін. Өзім осы жерге құлап екі қабырғамды сындырдым. Балалар бір жерін жарақаттап ала ма деп қорқамын. Спорт зал тозып тұр, едені шіріп кеткен. Жақында ғана тақтайларын ауыстырдық.

Апатты мектептің орнына жаңасын саламыз дегелі бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда, билік басындағылар асығар емес. Биыл облыста үш мектептің құрылысы басталғанымен, қажеттілік одан әлдеқайда көп.

Нұркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл тағы да 4 мектептің жоба-сметалық құжаттамасы дайын. Екеуі апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында, екеуі үш ауысымдағы мектептерді жою мақсатында жасалған. Және сонымен қатар 5 мектептің  жобасы дайындалуда.

Өңірде 7 мектеп апатты жағдайда деп танылса, соның үшеуі Орал қаласында. Облыс орталығындағы тағы 5 білім ордасында балалар 3 ауысымда білім алады. Қазіргі құрылыс қарқынымен бұл түйінді мәселенің түбегейлі шешімін табар күнін айту әзірге мүмкін болмай тұр.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы