389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жыл басынан бері 317 адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмған

  • 207
  • UPD: 19:13, 07.09.2019

Алматы облысы соңғы бірнеше жыл қатарынан жол апаты мен одан көз жұмғандар саны бойынша республикада көш бастап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр 8 айда аймақ жолдарында 1330 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, осы жылдың басынан бері 1,5 мыңға жеткен.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мына кадрлар сырттағы бақылау камераларына түсіп қалған. Мұндай жол апаты аймақта күнде тіркеледі. Тек жыл басынан бері 8 айдың ішінде 1,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 317 адам қайтыс болған. Ал, 2 мыңнан астам жолаушы түрлі дене жарақатын алыпты. Талдықорған қаласының тұрғыны Әсел Құсайынова жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылған. Ол зардап шеккен апат трассада емес, жылдамдық режимі сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс қала орталығында болған. Әсел мінген көлікке мас жүргізуші басқарған автокөлік соғылды.

Әсел Құсайынова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Бізді соққан көліктің жүргізушісі жас бала әкесінен көлікті айдап кетіп, мас күйінде қала ішінде сайран салған. Сөйтіп, бізге соғылды. Жансақтау бөлімінде бір ай жаттым. Жалпы жүргізушілердің өздеріне деген қатты сенімділігі көп жағдайда қателікке ұрындырады. Сондықтан олар ойланса екен деймін, өйткені олар тек өзіне ғана емес, басқа да адамдардың өміріне жауапты.

Алматы облысы жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім деңгейі бойынша да көш басындағылардың тізіміне іліккеніне біраз жыл болды. Және бұл көрсеткішке жол сапасының мүлдем қатысы жоқ. Мамандардың мәліметі бойынша облыс жолдарының 78%-і қанағаттанарлық жағдайда. Мысалы, барлық апаттардың төрттен бір бөлігі еліміздегі сапасы жағынан ең үздік деп танылған «Алматы-Өскемен», «Алматы-Бішкек» және «Алматы-Көкпек-Көктал» бағыттарында орын алады.

Еркебулан Ахметов, облыстық ӘПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы:

- Жыл басынан бері біздің облыс аумағындағы 406 жол белгісі жаңартылып, жаңадан орнатылып жатыр. Сонымен қатар республикалық жолдарда 6 жерүсті жүргінші өткелі салынды. Және қазіргі кезде қолданысқа берілді. Және де 22 мың шаршы метр жол сызықтары сызылды. 48 жерге шолу жолақтары салынды. Соған қарамастан, біздің жүргізушілердің ереже сақталмауынан жол-көлік оқиғалары орын алуда.

Жолдағы көлік қозғалысын бақылау үшін жалғыз полиция көлігінің әлеуеті жеткіліксіз болғандықтан, тәртіп сақшылары енді трассаны әуеден де бақылауға көшті. Мына қызыл түсті автокөлік, тыйым салынған жолақты басып өтті. Абырой болғанда, қарсы машинамен соқтығысқан жоқ. Тәртіп бұзушы жедел тоқтатылды.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда жол апаттарын азайту үшін ереже бұзғандарды тіркейтін бейнетіркеу камералары орнатыла бастады. Жақында «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін іске қосу жоспарлануда. Тағы бір жаңалық - жаяу жүргіншілер жолының жанында да муляждар орнатылды. Арнайы жүргізілетін рейдтерінің саны да артты. Алайда жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениеті көтерілмегенше ешқандай шара жол-көлік оқиғасынан құтқармайды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Әділхан Сахари, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы