389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік отбасы бала тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрді бірінші орынға қояды

  • 261
  • UPD: 09:16, 08.09.2019

Ақтөбелік Әбілдаевтар отбасы жанұяның берекесін сақтап, шаттығын арттыруда көпке үлгі көрсетіп отыр. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп білетін шаңырақта 7 бала өсіп, әр саланың маманы атанды.

Ал отанасы Бибігүл Әбдішүкірқызының отбасы мен неке институтын дамытудағы қызметі зор. Ол соңғы он жылда мыңға жуық жұптың жанұясын сақтап қалуға үлес қосқан.

Сайлаубек пен Бибігүл Әбілдаевтар отбасы өңірдегі үлгілі жанұялардың бірі. Бір-біріне сүйеу болып, ұл мен қыз өсірген ерлі-зайыптыны көпшілік «бақыт қонған шағырақ» деп санайды. Себебі бұл отбасында ұлттық болмысқа сай саналы ұрпақ өсіру, салт-дәстүрді жастайынан бойға сіңіру секілді асыл құндылықтар басты орында.    

Бибігүл Әбілдаева, «Алтын алқа» иегері:

- Мен бірінші орында балаларыма көңіл бөлем өте қатты. Сосын өзінің міндеттерін өзіне жүктеймін. Мысалыға,  үйіміздің үлкен қыздар Тоғжан, Асыл болса, олар өте білімді болды. Содан кейін олар қалған балаларды үйретті. Мектепте барлық сабақтан көмектесу, үйге қарайлау киімдерін жуу, әр нәрсе өз орнында тұру, дастархан басында дұрыс сөйлеу. Біз екеуміз үйде болмай қалғанның өзінде де олар содан аттап кетпейді.

Талай қоғамдық істердің басы-қасынан табылатын отанасы Бибігүл Әбілдаеваны көпшілік таниды, құрметтейді. Ұзақ жылдар бойы балабақшада тәрбиеші боп қызмет еткен ол бүгінде оқыту орталығын ашып, дарынды балаларды ілім-білімге үйретуде. Ал отбасы құндылығын дәріптеудегі қызметі зор. Шаңырағы шайқалған көптеген жас жұбайлардың жанұясын сақтап қалуға елеулі үлес қосты. Сот органдарына «ажырасамыз» деп барып, арыз тастаған жұптармен кездесіп оларды қайта табыстырып жүр. Тек өткен екі айда 60-қа жуық жасты қосқан. Бұдан бөлек әлеуметтік желі арқылы келіп, ақыл- кеңес сұрағандар да көп. 

Алмагүл Сарыбай, қыздар клубының жетекшісі:

- Бибігүл мыңға жуық отбасын қосты деп айтуымызға болады. Өйткені ол жастарды ғана жарастырып қоймайды, сол жастардың ажырасуына себеп болып отырған кейбіреулерінің аналары, кейбіреулерінің аталары болады, кейбіреуінің абысындары болатын болса, жастармен бірге шақырып, бір-бірімен татуластырып жіберіп отырады.

Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі, сондықтан оның мығым болғаны дұрыс деп білетін Бибігүл Әбілдаева қыз-келіншектерге арнап семинарлар өткізіп тұрады. Жергілікті рухани орталықтарда да дәріс береді. Бүгінде жолдасымен бірге немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отыр. Жаұяның үлгілі қыры «Мерейлі отбасы» байқауында да лайықты бағаланып, бас жүлдеге ие болды.   

Арман Ахметов, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

- Осы конкурс жылдан - жылға қатысушылар санының артуымен және қатысу аумағының артуымен ерекшеленіп келеді. мысал ретінде айта кететін болсақ, осы байқау бастау алған 2014 жылы барлығы 38 елді мекеннен 103 отбасы қатысқан болса, биылғы жылы бұл конкурсқа барлық 148 елді мекеннен 500-ден астам отбасы қатысты.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат еткен байқауға қатысушы ақтөбеліктердің саны артып келеді. «Бұдан жас ұрпаққа үлгі көрсететін жанұялардың да көптігін байқауға болады» дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы