387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде күн станциясы іске қосылды

  • 176
  • UPD: 21:51, 08.09.2019

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде күніне 100 квт ток өндіретін күн станциясы іске қосылды.

Баламалы қуат көзі білім ордасының бір айда тұтынатын электр энергиясының 30 процентін өтейді. Жоба энергетика министрлігі мен демеуші компания арасындағы бірлескен меморандум негізінде жүзеге асты.

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласындағы зияткерлік мектебі отандық білім беру кешендері арасынан ең алғашқы болып күн энергиясын өндіруге қол жеткізді. Ғимарат ауласына фотоэлектрлік құрылғылармен жарақтанған арнайы тұрақтар орнатылды. Биыл осындай мүмкіндік Алматы мен батыс аймақтардағы Назарбаев мектептеріне берілуі керек. Ал Ақтауда іске қосылған станция 320 панелмен қамтылған. Жоба құрылысына демеуші компания жүздеген мың доллар жұмсады.  

Эйден Мерфи, демеуші компанияның бас менеджері:

– Біздің компания энергетикалық жобалар бойынша Қазақстанның бұрыннан келе жатқан әріптесі болып табылады. Қазіргі уақытта «жасыл экономикаға» көшуіне қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. «Мектептерге күн энергиясы» жобасы білім беру кешені тұтынатын электр тогының бір бөлігін баламалы жолмен өндіруге мүмкіндік береді. Үнемделген қаржыны жас зияткерлердің қажетіне жаратуға болады. 

Дүние жүзінде 1200-ден астам мектеп FAB LAB шеберханасымен жабдықталған. Соның бірі – Ақтаудағы білім беру кешені. Бұл жоба дарынды жеткіншектің идеясын дайын өнімге айналдыруға жол ашады. Қазіргі уақытта оқушылар Smart-қала макетін әзірлеу үстінде. Мұнда көлік жолдарын кептелістен арылту, көшелерді қоқыстан тазалау бойынша тың бастамаларды көруге болады.

Аспарух Сұлтанмұрат, зияткерлік мектептің 12-класс оқушысы:

– Smart-қала жобасы тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік береді. Мұнда ақылды автотұрақтар, көлік кептелісі болмайтын айналма жолдар, орталықтандырылған қоқыс тазалау жүйесі бар. Барлық жобаны күн мен жел электр станциясы қуаттандырады. Макет дайын болған соң мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға ұсынылады. Қаржылай қолдау тапса, жекелеген бастамаларымыз өмірде іске асуы мүмкін.

Мерейтойға толы жылы Зияткерлік мектепте Абай және Әбіштану кабинеттері жұмысын бастады. Мұнда оқушылар ұлы тұлғалардың шығармашылығымен танысып, өз санасын пікір алмасу түрінде дамыта алады. Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы - алты қанатты киіз үйде қолөнер кабинетінің ашылуы болды. Енді шеберлік арттыру сағаттары арнайы кестеге сәйкес осында өтеді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы