389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында жоғалғандарды іздейтін сайт іске қосылды

  • 152
  • UPD: 22:07, 08.09.2019

Қостанай облысында «10-аймақ» атты жоғалғандарды іздеу ресурсы пайда болды.

Оның авторлары – еріктілер тобы. Құрамына 16 волонтер және иісшіл иттері бар кәсіби кинологтар кіреді. Олар орман, саяжай алқаптарында және суда із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарды іздестіреді.

Бұл – үйреншікті нұсқау. «10-аймақ» жасағы үшін іздеу жұмыстары осылай басталады. Бір жылдай бұрын осындағы адамдар бірін-бірі танымайтын. Ал қазір білдей бір ұжымның мүшелері. Олар Қостанайдан шыға берістегі орман алқабында жоғалған кісіні іздестіруге аттанды. Отряд жетекшісі - Андрей Кулаков. Ол байланысқа жауапты. Топ мүшелері іздеу жұмыстарына бос уақытта атсалысады. 

Андрей Кулаков, ерікті:

–Бізге адамдар анағұрлым ертерек хабарласса, іздеу шаралары соғұрлым тиімді өтеді. Көбінесе, тірі адамдарды емес, өлі денені іздеуге мәжбүр боламыз. Жұмысымыздағы ең жағымсыз көріністердің бірі – бұл.

Іздеуге шығуға әрқашан 20 адамдай ынта білдіреді. Осындай әрекеттерінен олар пайда таппайды. Жақында жасақ құрамы кәсіби кинологтармен толықты. Иісшіл иттер жұмысты айтарлықтай жеңілдеткен. Бірақ туындайтын мәселелер де баршылық. Мәселен, бұл жолы олар орман алқабында қолдан жасалған күрке мен біреудің аяқ киіміне кезікті.

Тимур Жаналин, ерікті:

– Дәл қазір қолымызда керек-жарақ байланыс құралдары жоқ. Соның кесірінен жүйелі түрде жұмыс істеуде кедергілер туындап отыр.

Қиындықтарға қарамастан еріктілер көздеген мақсаттарына жетуге ынтық. Арнайы танымбелгісін әзірлеп, полицейлермен тығыз байланыс орнатқан. Бір ай бұрын өздерінің жеке сайттарын іске қосқан. Іздеу жарияланған кісілер туралы ақпараттарды осы ресурстан табасыз. Тіпті «Ерікті атану» деген қосымша парақ та бар.

Өкінішке қарай, кезекті іздеу жұмыстары сәттсіз аяқталды. Дегенмен бұл да – нәтиже. Яғни жоғалған адамды тірі, аман-сау деп үміттенуге негіз бар. Санаулы күндерден соң жасақ тағы да орман алқабындағы іздеу жорығына шығады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы