389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Мерейлі отбасы» байқауында Батыс Қазақстан облысының намысын Қарсақовтар отбасы қорғады

  • 211
  • UPD: 22:26, 08.09.2019

Биылғы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында Батыс Қазақстан облысының намысын Қарсақовтар отбасы қорғады.

Казталовка ауылында тұратын жас жанұя - бес ұл-қыз өсіріп отырған өнегелі шаңырақ. Ерлі-зайыпты Медет пен Гүлайым – мұғалім мамандығын таңдап, өмір мәнін ұрпақ тәрбиесінен іздеген жандар.

Тереңкөл ауылында туып-өскен, бүгінде аудан орталығы Казталовта тұратын Бақытжан ағамыз бен Орынғаным анамыз – өз бақытын еңбектен тапқан жандар. Ұзақ жыл бойы ақты қой, алалы жылқы бағып, ел ырысын еселеумен қатар, олар ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмады. Төрт қызы өрісін кеңітсе, қарашаңырақты ұстап отырған ұлы Медет дене пәнінің мұғалімі. Жастарды спортқа баулып, саламатты өмір салтын насихаттап келеді. 

Медет Қарсақов, Казталов ауылының тұрғыны:

– Түрлі спорттық додаларда оқушыларым орын алып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орын алып жүр. Шәкірттерім бірге жұмыс жасайды. Қазіргі заманда ұстаздан шәкірт озған заман ғой, осындай шәкірттерім барына мақтанамын.

Отағасы балаларды спортқа баулыса, зайыбы Гүлайым – бастауыш сынып мұғалімі. Өз ісіне шын берілген жан. Бүлдіршіндердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына сүбелі үлес қосып жүр. 

Гүлайым Өтегенова, «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы:

– Жұмысқа келіп, сыныпқа кіріп, кішкентай балаларды көргенде бар қиыншылықтарды ұмытып, осы балаларға беріліп кетемін. Енді өзімнің арманым, осы оқытып жатқан балаларым, жалпы Қазақстандағы барлық балалар болып, елге өзінің кетігін тауып орналасса деген арманым бар.

Өнегелі отбасы 5 ұл-қыз өсіріп отыр. Ең кішісі Еркеназ жуырда жасқа толса, бүгінде бокс үйірмесіне баратын Нұрдәулет әке жолын қуып, спортшы болсам дейді. Ақнұр биші болуды армандаса, Сұлтан музыка мектебін баян аспабы бойынша үздік бағамен тәмамдапты. Ал тұңғыштары Назым жыр жазады, «Жас сахна» республикалық байқауынан бас жүлдені жеңіп алыпты. Биыл жоғары оқу орнына түскен. 

Әулеттің діңгегі Бақытжан ағамыз немерелеріне құрақ шауып, қамыс бууды үйретсе, Орынғаным апай қыздарын киіз басып, көрпе көктеуге, іс тігуге баулиды. Ынтымағы жарасқан жанұя бос уақытында табиғат аясында серуендеп, балық аулап демалғанды әрі спорттық ойындар ойнағанды ұнатады. Берекелі отбасы бақыттың кілті бірлікте, сыйластықта деп біледі. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы