384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы Ойтоған ауылының халқы ауыз судан тарығып отыр

  • 270
  • UPD: 09:25, 09.09.2019

Алматы облысы Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылы алаш қайраткері, ақын Ілияс Жансүгіровтің туған жері.

Сол елді мекен тұрғындары қазір ауыз судан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіршілік нәрі тәулігіне үш сағат қана беріледі. Жергілікті халық «салынып жатқан су мұнарасын аяқтап, құлагер ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берсе», - дейді.

Ауыз судың берілуін асыға тосып жүргендердің бірі – Әрия Ахметқалиева. Сексен жасқа таяған кейуана әлі күнге дейін арбасын сүйретіп, тіршілік нәрін тасиды. Бала кезден бейнеттеніп өскен әжей бұл жұмыс буыны бекімеген жасөспірімдерге ауыр тиетінін айтады.

Әрия Ахметқалиева, ауыл тұрғыны:

- Әлі қазақтың мақалында да айтылады ғой. Отын олжа, су қорлық. Күнделікті алатын су әрине, қорлық. Біз жоқшылыққа .бейнетке көнген адамдармыз ғой. Бірақ кейінгі бала шағаға бұл өте қиын шаруа ғой.

Ауыл халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме өкілдері сәуір айынан бері көшелерге құбыр төсеп, тереңдігі 200 метр болатын ұңғыма қазған. Су мұнарасын да тұрғызыпты.

Тілеубек Қуанышев, мердігер мекеме өкілі:

- Резуар сосын, сорғыш станция салынып жатыр. Сондай-ақ қоршау келіп жатыр. Оның бәрі жылдам-жылдам салынатын шаруа. Бір-екі күнде үйдің қабырғасы бітеді. Төбесін жабамыз. Сонымен сылақ қана қалады.

Ілияс Мұсабаланов, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы 4 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 350 млн-ға жуық қаражат бөлінді. Биыл жоспарлаған бір ауылда жұмыс аяқталып, ел игілігіне берілді. 3 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күзде Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осыған орай ауыл іші абаттандырылып, тас жол салынды. Ақын бюсті орнатылған саябақ та ашылды. Көшеге электр бағаналары орнатылып, шамдар қойылды.

Тұрсыннұр Білісбек, ойтоған ауылдық округінің әкімі:

- Жолға 76 млн теңге бөлінді. Толықтай игерілді. Жасалынып болды. Суға 137 млн теңге бөлінді. Ол да міне 95%-ке бітті. 6 млн 400 абаттандыруға бөлінді. 7 млн 290 мың теңге ескерткішке бөлінді. Сондай сондай қаражаттар бөлінді. Соның бәрін игердік.

Жарықтандыру жұмыстары 6 шақырымды қамтыған. Яғни, ауылдың кіреберісінен бастап орталығына қарай жүргізіліпті. Елді мекеннің қалған бөлігі қас қарая қараңғылықтың құшағында қалады екен.

Жексенбай Тұралықов, ауыл тұрғыны:

-Мына көше Жансүгіров көшесі. Жансүгіровтің өміріндей келте ғылып, басқа көшелерге алып кетті. Жарық жартысына да жеткен жоқ. Анау бұрылыстан бұрылды да кетті. Көше Жансүгіровтің өміріндей қараңғы.

Ойтоған ауылында 170 отбасы тұрады. Олардың барлығы осы айдың соңына дейін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмақ. Сол кезде аудандағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 83%-тен асады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы