389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Жамбыл облысындағы маман тапшылығын шешпек

  • 220
  • UPD: 15:02, 09.09.2019

Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қабылданғалы бері 1500-ден астам жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шалғай елдімекендердегі кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Алайда өңірде әлеуметтік салаға әлі де білікті мамандар қажет. Әсіресе, математика, химия, бастауыш сынып, орыс тілі мұғалімдері мен дәрігерлер жеткіліксіз. Енді аймақта бұл проблеманы шешу үшін мемлекеттік «Дипломмен ауылға» жобасы қызу іске қосылмақ.

Мират Сүйімбеков үш жыл бұрын жоғарғы оқу орнын тәмамдап, бірден ауылдық мектепке жұмысқа орналасқан. Қазір география пәнінен сабақ береді. Жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша құжаттарын өткізіп, көтерме жәрдемақы алу үшін кезекте тұр. Ол мемлекеттік жобаның білікті мамандарды ауылға тартуға сеп боларына сенімді.

Мират Сүйімбеков, жас маман:

- Біз сияқты жастарға көптеп қолдау көрсетілсе, ауылды жерлерге жұмысқа келетінін сеніммен айта аламын. Білікті жастарды осындай ел болшағы үшін жұмысқа тартып жатқаны жастарды қуантатыны анық.

Жамбыл облысында кадр тапшылығы негізінен шалғай ауылдарда сезіліп отыр. Статистикаға сәйкес бүгінде аудан, ауыл мектептеріне 260-қа жуық педагог қажет. Дей тұра, өңірде ауылға барып еңбек етуге ниетті жастар бар. «Тек оларды ауылда тұрақтандыру үшін мемлекет ұсынып отырған бағдарламаны тиімді пайдалану қажет», - деп санайды тәжірибелі педагогтар.

Сейіткүл Мәдібекова, ардагер ұстаз:

20 миллиардтай ақша, қаражат бөлді. Бұл аз қаражат емес. Оны тек қана тапшы маман иелеріне сол ауылдағы ауыл әкімдері, аудан әкімдері мектеп басшыларымен келісе отырып, дарынды, талапты жастарды, соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдеріне, математика, орыс тілі пәндері, қандай пән мұғалімдері тапшы соған байланысты бөлінсе, ол мәселе шешімін таппайды емес, табады.

Биыл бағдарлама аясында 256 адамға бюджеттік несиеге 1 миллиардқа жуық қаражат қарастырылған. Сонымен қатар 656 маман көтерме жәрдемақы алады. Бүгінде оның 400-ге жуығы ауылға жұмысқа орналасып, тиісті қаржыға қол жеткізді.

Гүлдана Жауынбекова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Облысымызда бүгінгі күні 227 маманға тағы да мамандардың тарапынан қажеттілік келіп түсті. Ол 1 миллиардқа жуық несие алу бойынша. Енді бізде бөлінетін 5,2 миллиард теңге көлеміне облыстың қажеттілігіне ұсыныс жасадық. Нақтылау барысында бұл қаржыдан өзіміздің үлесімізді алатын боламыз.

Айта кету керек, биыл «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен екі бағыт бойынша берілетін әлеуметтік көмек қаржы көлемі артты. Бұрын көтерме жәрдемақы 176 мың болса, енді 252 мың теңгеге көтерілді. Ал 0,01%-пен берілетін бюджеттік несие 1500 айлықтық есептік көрсеткішке көбейді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы