386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр

  • 237
  • UPD: 15:03, 09.09.2019

Жамбыл облысы Шу ауданында теңдесі жоқ күн электр станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Инновациялық жобаның қуаты – 100 мегаВатт. Оны жүзеге асыруға инвесторлар тартылды. Жаңа жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмыстарының 70%-і аяқталды. Іске қосылса, бұл өңірдегі ең қуатты күн электр станцияларының бірі болмақ.

Алып станция Алға ауылдық округінде салынып жатыр. Бұл жасыл экономика саласында Қазақстандағы алғашқы инновациялық жобалардың бірі. Аумағы 500 гектар жерге орналасқан. Қуаты – 100 мегаВатт. Мамандардың айтуынша, бұл көлемі Шу сияқты 4 ауданды электр энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге жеткілікті.

Джордж Диаб, жоба жетекшісі:

Өнімділігі жоғары. Толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Жел, қар сияқты табиғи құбылыстардан өзін қорғай алады. Қазір ең күрделі жұмыстар аяқталды. Тек модульдерді орнату ғана қалып отыр. Барлық желі жер астымен жүргізілген. 25 жылға дейін үздіксіз қызмет етеді. Жыл соңына дейін іске қосамыз.

Соңғы үлгідегі қондырғылар Еуропа, АҚШ және Қытайдан әкелінген. Қазір оларды орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған 250 адам тартылған. Жобаның ерекшелігі арнайы тақтайшалар таң атқаннан бастап күн батқанға дейін күнмен бірге айналып тұрады. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда 350 мыңнан астам күннен қуат өндіретін модульдер орнатылады.

Нұрлан Жақсыбаев Шу ауданы әкімінің орынбасары:

- Жобаның құны жалпы 61 миллиард. Қазіргі уақытта 70%-ке құрылғылары, қоршаулары бәрі бітіп, орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бізде ол жерде 60 жергілікті тұрғын жұмыс істеуде. Біткен уақытында тағы 20 адам жұмыс істейтін болады.

Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр. Елімізде жаңартылған энергия көздерінен қуат өндіретін 59 нысан болса, оның 43%-і Әулиеата өңірінде іске асырылып жатыр. Қазір аймақта күннен, судан, желден қуат өндіретін 10 станция тұрақты жұмыс істейді. Бұл нысандарда өндірілген қуат облыс тұтынып отырған энергияның 36%-тін қамтуға жеткілікті. Ал, 2023 жылға дейін тағы 25 жобаны іске асыру жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы