389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде тозығы жеткен кәріз жүйесі қаланың экологиясына әсер етті

  • 217
  • UPD: 21:15, 09.09.2019

Өткен жаз айларында Ақтөбе ауа қабаты ластанған еліміздегі қалалардың қатарына енген. Бұған шаһардың кәріз жүйесі мен спирттік өнім қалдықтары орналасқан булану алаңдары және өзге де факторлар әсер еткен. Ахуалды жақсарту үшін қазір өңірдің кешенді жоспары жасалды. Ал қолданысқа берілгеніне 40 жылға жуықтаған қаланың канализациялық тазарту ғимараты қайта жаңғыртудан өтпек. 

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған кәріз суларын тазарту ғимараты - жаңартуды талап етіп тұр. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта жұмысы да нашарлаған. Әрі жағымсыз иіс тарап, экологиялық ахуалға кері әсер етуде. Енді, қайта жаңғырту үшін бүгінде құны 16 млрд теңге болатын жоба жасақталып жатыр.

Болат Серіков, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:

- Проектті жүргізу 45 пайызға дайын деп есептейміз. Жоба іске асқан кезде, ауаға қалдықтар болдырмайды. Техникалық су аламыз. Оны құрылысқа пайдалануға болады. Тұнған суында пайдаға жаратамыз. Ал қазіргі КОС кәріз суларын өңдеуге күші жетпей жатыр.

Бүгінде қала бойынша бұл орынға бірнеше кәріз жүйелерінен ағынды сулар келеді. Жағымсыз иістердің басым бөлігі де осы орталықтың үлесіне тиеді. Ауа қабатының күкірт сутегімен ластануын «Казгидромет» мекемесінің қызметкерлері де биыл бірнеше рет анықтаған. Негізінен, өндіріс ошағы көп шоғырланған және канализациялық ғимаратқа жақын орналасқан шағын аудандағы бір стационарлы посттан байқалған. 

Вера Проненко, «Қазгидромет» РМК АҚтөбе филиалының инженер-химигі:

- Жарты жылдықтың қортындысы бойынша бізде ауа қабатының ластануын шамамен маусым айында байқадық. Бірақ, оның себебін анық айту қиын. Ол көбінесе метео жағдайға байланысты болып келеді. Ыстық температураның салдарынан да болуы ықтимал. Ал оған дейін де, кейін де атмосфераның белгілі нормадан тым ластануы болған жоқ.

Жалпы өткен 8 айда атмосфералық ауаның жоғары ластануы жеті рет тіркелген. Бірақ бұл осыдан үш жыл бұрыңғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2016-да 300-ден аса ластану дерегі анықталып, эколог мамандар дабыл қаққан болатын. Нәтижесінде, жауапты басқарма қызметкерлері өзге де ұйымдармен бірлесіп кәріз желілеріне ағынды суларын жіберетін кәсіпорындарды анықтады. Айыппұл салып, кейбірінің ісі тоқтады. Тиісті заңнама талаптарын сақтау міндеттелді. 

Жібек Талжанова, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары жасақталған болатын. Бұл жоспар аясында облысымыздың қазіргі таңда 30 ірі өндіріс мекемелерімен меморандум жасалды. Оның негізгі мақсаты қоршаған ортаға эмиссияларды азайту және де жағдайды қалыптастыру, тұрақтандыру.

Қазір мамандар экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Ал ауа қабатының ластануы қалыпты құбылыс дейді. Себебі даму болған жерде қоршаған ортаға да әсер болатынын айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы