387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бес баламен жастайынан жесір қалған ана өмірлік ұстанымымен бөлісті

  • 181
  • UPD: 22:35, 09.09.2019

«Мерейлі отбасы» байқауының Алматы облысындағы жеңімпазы көп балалы ана, кәсіпкер Бибінұр Жылқыбаева «бақ-дәулет -  еңбек пен төзімділіктің нәтижесі» дейді. Жасы отызға жетпей 5 баламен жесір қалған ол бүгінде балаларын жақсы тәрбиелеп ғана қоймай, кәсіпкерліктің де қыр-сырын меңгеріп, көпшіліктің қошеметіне бөленіп отыр.

Алматы-Бішкек күре жолының бойындағы осы дәмхана орнында бұрын жалғыз киіз үй тұрған. 20 жыл бұрын Бибінұр Киікбайқызы алғашқы кәсібін осы жерде бастайды. 27 жасында 5 баламен отағасынан айырылған ана ұл-қыздарын еңбекке, кәсіпке үйретті. Қыздары шетінен аспаз, ал жалғыз ұлы Алтай өнерге ден қойыпты. Шыдам мен төзімнің арқасында  отбасының кәсібі өрге домалады. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген өмірлік қағиданы  ұстанды.

Бибінұр Жылқыбаева, «Мерейлі отбасы» байқауының Алматы облысы бойынша жеңімпазы:

- Бұзылып келген елге тамақ жоқ болса тамақ бердім. Сонымен аллаға шүкір қайыры алғысы болды. Біреуден қайтпаса Құдайдан қайтады деген рас екен. Қайтты деп ойлаймын. Өзім 2006 жылы пенсияға шықтым 5 баламен. Қазір 66 дамын. Таң атпай тұрып тауарымды әкеп аламын таңғы жетіде тұрып Алматыдан.

Ал қызы Гүлзат Асқарова Жамбыл аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы. Өзі жүре алмаса да ауданның әлеуметік әрі қоғамдық жұмыстарына белсенді араласады. Осы өңірге алғашқы инватаксидің жеткізілуіне қол жеткізді. Қазір қоғамдық бірлестік Жамбыл ауданындағы бірінші топтағы 140 мүгедекке қызмет көрсетеді. Енді олар облыс тарапынан  екінші инватаксидің бөлінуін күтіп жүр.  

Назгүл Арыстанбекова, Жамбыл аудандық мүгедектер қоғамының есепшісі:

- Сол бөлінетін болса 60 емес, тіркеліп тұрған 140 адамның 100-і колясочник. Сол 100 адамды солардың сұранысы бойынша сол кісілерге қызмет етсек деген ойдамыз.

Бес баласына  сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жетілдірген Бибінұр Жылқыбаева бақыттың кілті еңбекте, дейді.  

Бибінұр Жылқыбаева, облыс тұрғыны:

- Ешнәрсеге ерінбеу керек екен. Төрт мүшең сау ма одан артық бақыт жоқ екен. Ең бақытты адам төрт мүшесі бар адам. «Тек ғана еңбек ету керек. Сау адам жарымжан адамдарға көмектессе қайырымдылық, сауапшылық деген сол.

Бибінұр Жылқыбаеваның жанұясы көпке үлгі. Биыл Алматы облысы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауның жеңімпазы атанды. Енді  кәсібін одан әрі дамытып, мүгедектерге жұмыс беретін наубайхана, тігін цехы мен монша салуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы