387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаулық көп балалы ана 17 адамды жұмыспен қамтып отыр

  • 142
Көкшетаулық көп балалы ана 17 адамды жұмыспен қамтып отыр Авито

Көкшетаулық көп балалы ана, жеке кәсіпкер Ғалия Алдабергенова табыстың сыры табандылықта, - дейді.

Ол 18 жасынан бастап тігін ісімен айналысады. Қазір білдей бір сән үйінің иесі. Ал осы бизнесті ол тұңғыш баласымен декреттік демалыста отырған кезде бастапты. Айтуынша, көңіл қаласа, қыз-келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ. Сондықтан сүйікті ісіңнен тұрақты табыс табуға болатынын айтады.

Ғалияның бұл кәсіпке деген қадамы 2000 жылдардың басында басталған. Алғашында үйде өзі ғана тіге бастаса, кейіннен тапсырыс көбейіп, 2004 жылы жанына 3 келіншекті алып шағын тігін шеберханасын ашқан. Міне 15 жылдың ішінде ол, тек қалаға емес, бүкіл облысқа танымал тігіншіге айналды. Қазір 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ғалия Алдабергенова, жеке кәсіпкер:

– Мен жақында ескі жазбаларымды тауып алдым. Онда «арманым – өзімнің жеке сән үйімді ашу» деп жазыппын. Қазір ойласам, ол арман сол уақытта орындалмастай көрінгенмен, араға 15 жылдай уақыт салып соған жетіп отырмыз. Ал мұның барлығы, әрине, оңайлықпен келген жоқ. Алғашқы жылдары біраз қиналдық.

Алғашқы жылдары Ғалияға бала-шаға мен үй тірлігіне қоса оқу мен бизнесті де қатар алып жүруге тура келген. Оның үстіне сағат сайын дамып бара жатқан сән әлемі мен ондағы технологиялар адамды біраз әбігерге салатын, - дейді. Себебі тапқан-таянғанның барлығы жаңа қондырғылар мен түрлі маталар сатып алуға жұмсалады. Енді қазір ол қиыншылықтардың бәрі артта қалып, замандастарына жол сілтеп, кеңес бере алатын тәжірибелі маманға айналды. 

Ғалия Алдабергенова, жеке кәсіпкер:

– Менің ойымша, декреттік демалыс – әйел адам үшін үлкен мүмкіндік. Ойыңды жинақтап, нақты немен айналысқың келетінін шешіп ал да, соны жүзеге асыруға кіріс. Оның үстіне қазір неше түрлі онлайн оқу курстары бар. Қызығушылығық болса, уақыт та, мүмкіндік те, тіпті, ақша да табылады. Ал балалар, біздің қозғаушы күшіміз. Олар бізді үнемі алға жетелейді.

Балалар демекші, Ғалия биыл «Күміс алқа» иегері атанды. Бұйыртса, «Алтын алқаның» да ауылы алыс емес. Отбасы мен бизнесті қатар алып жүрген табысты әйелдің өмірі кім-кімге болсын үлгі-өнеге.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы