386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің ісі атқарылған

  • 146
  • UPD: 15:09, 10.09.2019

2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Кешегі Арыстағы апат кезінде де еріктілердің еңбегі өлшеусіз екені тайға таңба басқандай анық көрінді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында еріктілер клубы бар ма? Бар болса, олар немен айналысып жүр?

Шымкенттегі жастар ресурстық орталығы жанынан құралған «Еріктілер клубы» 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда 500-ден астам азамат еріктілер қатарына қабылданған. Олар шаһардағы барлық салаға атсалысады. Бибол Жақыпбаев жоғары оқу орнында студенттерге ғылыми жоба жағынан көмектесіп тұрады. Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретінін айтады. Олар осы аптада қаладағы саябақтарды тазартуды жоспарлап отыр. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай игілікті істі Абай атындағы саябақтан бастамақшы.

Бибол Жақыпбаев, ерікті:

– Жастар жылынан кейін еріктілер жылын жариялау біздің Президентіміздің ұзаққа қарайтындығының бір белгісі. Ерікті дегеніміз не? Ол қоғамға көмек беру. Ең біріншіден өзіне көмек беру. Бізде көбінесе еріктілерде жастар буыны өте көп. 80-90 пайызы жастар. Солар біреуге қол ұшын беру, көмектесуді әр түрлі форматта өткізіп жүр.

Еріктілердің еңбегі Арыста да жарқырап көрінді. Қиналған жұртқа қол ұшын созып, көмектескендердің бірі – қалалық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергенбай Көшкенбаев. Ол 3 ұлымен бірге 3 күн бойы апат аймағында жүрген әскерилер мен қала тұрғынарына су, азық-түлік жеткізіп беріп отырған. Алғашында қажетті затты қаладағы өзінің дүкенінен тасыса, кейін аймақтардан жеткен көмекті таратуға атсалысқан. Өйткені жергілікті билік өз ісіне адал азаматқа сенім артыпты.

Түркістан облысында білім алып жатқан студенттердің 30 проценті – өз еріктерімен еріктілер тобына кіргендер. Биыл өңірде белсенді жастардың қатысуымен түрлі жобалар, қайырымдылық іс-шаралары өтті.

Береке Дүйсебеков, облыстық жастар ресурстық орталығы мекемесінің басшысы:

– Ерікті атану – әр жастың, азаматтың өзінің жеке жан қалауымен қоғамға қосатын үлесі. Бұл жастардың бойында азаматтық позитцияны, потриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің отанына, қоғадағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа.  

Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар. Биыл жыл соңына дейін ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, өткен жылы өңірде ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің ісі атқарылған. Аймақта қарттар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы