389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жастарға жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасымен құжаттарды қабылдау қарашада басталады

  • 599
  • UPD: 20:30, 10.09.2019
«Жастарға жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасымен құжаттарды қабылдау қарашада басталады

Биыл еліміздегі ірі үш қалада жастарға жалдамалы тұрғын үй беріледі.

Баспана кімдерге және қалай үлестірілмек? Ережеге сәйкес бірінші кезекте азамат 29 жасқа дейінгі Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкент шаһарының тұрғыны болуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үміткердің атында жылжымайтын мүлік тіркелмеген болуы қажет. Баспаналар сатып алу құқығынсыз, тек жалға беріледі. Үйге ие болғандар коммуналдық төлемдерді қоспағанда айына 10-12 мың теңге төлеп, пәтерлерді жалдап тұра алады. Осылайша, жастарға басыбайлы үйіне бастапқы жарна жинауға мүмкіндік жасалмақ. Бағдарлама әзірге 2021 жылға дейін жұмыс істейді. Бұл бірінші кезеңі. Қанатқақты жоба нәтиже беріп жатса, одан әрі жалғасады. Бағдарлама өзге де қалаларды қамтуы мүмкін. Жалпы бүгінде елде 29 жасқа дейінгі 4 миллионға жуық жас бар. Оның 245 мыңы Нұр-Сұлтанда, 700 мыңы Алматыда, 260 мыңдайы Шымкент қаласында тұрады.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Тапсырмаға сәйкес осы үш қалада жыл сайын кемінде 3 мың пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша, жуық арада барлығы 9 мың пәтер тапсырылуы тиіс. Бұл пәтерлерді жалға беру мерзімі 5 жыл деп белгіленіп отыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдары үй сатып алу мәселесін қолға алып жатыр. Жалға берілетін тұрғын үй сатып алу құқығынсыз беріледі және айына 10-12 мың теңгеге жалға беріледі. Ол коммуналдық төлемдерді қоспағанда.

***

«Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау қараша айында басталады. Барлық сұрақтар бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ хабарласуларыңызды сұраймыз.

Байланыс нөмірлері: 793450, 793462 (63) немесе мына мекенжай бойынша: Нұр-Сұлтан қ, Р. Қошқарбаев даңғылы, 39.

Хабар 24 телеарнасы