386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу жөнінен елімізде алдыңғы үштікке кіреді

  • 77
  • UPD: 21:44, 10.09.2019

Тұрғындары қатерлі ісікке ең көп шалдығатын аймақтардың бірі – Павлодар облысы. Бұл өңір еліміз бойынша алдыңғы үштікке кіреді.

Бүгінгі таңда 11 мың адам диспансерлік есепте тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатерлі ісікке көп жағдайда егде жастағы адамдар шалдығады екен. Ал онкологияны анықтауда скринингтік тексерулердің берері мол. Онкологтардың айтуынша, ауру неғұрлым ерте анықталса, емдеу тиімділігі соғұрлым нәтижелі болады. 

Ауруды жеңуге болады. Жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдыққан Светлана Краеваның сөзі бұл. Жасы 64-ке қараған әйелдің онкологияға  шалдыққаны осыдан үш жыл бұрын белгілі болған. Содан бері күрделі үш операция, бірнеше мәрте химиялық ем-шара жасалыпты. Светлана Краева толық жазылып шығатынына сенімді.

Светлана Краева, облыстық онкологиялық диспансердің емделушісі:

Аса уайымға берілудің қажеті  жоқ. Отбасымның қолдауына, дәрігерлердің біліктілігіне сенемін. Бәрі жақсы болады деп өзімді қайрап отырамын. Жаман ойлардан арылу керек.

Қазіргі күні аймақта сүт бездерінің қатерлі ісігі өршіп тұр. Одан кейін өкпе мен асқазан ісігі. Қауіпті кеселдің нақты осы түрлері тұрғындар арасында көп кездеседі екен. «Өкінішке қарай, науқастар бізге ауруы әбден асқынғанда келеді. Тым кеш жүгінгендіктен, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмайды», - дейді мамандар.

Сергей Борисенко, облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:

Біздің ұранымыз ауруды ерте бастан анықтау. Бастапқы кезеңінде анықталған қатерлі ісікті емдеу тиімді әрі нәтижелі болады. Тек биылдың өзінде қауіпті дертке шалдығудың 250 оқиғасы анықталды. Оның 87-сі скринингтік тексерулердің арқасында белгілі болып отыр. Бұл клиникаға дейінгі уақыт. Яғни, адам ағзасында қатерлі ісіктің ешқандай белгілері білінбейтін кезі.

Облыстық онкологиялық диспансерде күніне жиырмаға жуық операция жасалады. Көбі бірнеше сағаттарға созылатын күрделі операциялар. Онкологиялық орталық ширек ғасыр бойы бұрын жатақхана болған талапқа сай келмейтін ғимаратта орналасқан. Хирургтар соған қарамастан, талай науқастың өмірін ажалдан арашалап қалды. Бүгінде қатерлі ісік аймақтағы ең өткір тұрған мәселелердің бірі. Оның алдын алу үшін атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Үш жыл бұрын Павлодарда заманауи онкологиялық орталықтың құрылысы басталды. Қазір нысан салынып біткен. Ағымдағы жылдың қараша айында қолданысқа беріледі.

Тельман Әлғожин, облыстық онкологиялық  диспансердің  бас дәрігерінің орынбасары:

Жаңа диспансер эндоскопиялық, диагностикалық және емдеу қондырғыларымен жабдықталады. Оның ішінде желілік жылдамдатқыш, сәулелі терапия құрылғысы бар. Бүгінгі таңда сәулемен емдеу терапиясы қатерлі ісікке шалдыққан науқасты емдеудің «алтын стандарты» деп аталады. Ондай құрылғы бұрын-соңды Павлодар облысында болған емес. Қазіргі күні онкологиялық орталыққа қажет жабдықтардың 80%-і алынған. Жаңа нысанның қолданысқа енуі диагностикалық зерттеулердің сапасын артырып, дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсарта деген сенімдеміз.

Қатерлі ісікті емдейтін озық технологиялар мен тың тәсілдер қолданысқа еніп жатыр. Бірақ дәрігерлер адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі өзгермейінше жағдайдың түзелмейтінін алға тартады. Айтуларынша, заманауи медицина онкологиялық көрсеткіштерді тек 10%-ке төмендетуге қауқарлы. Ал, қалғаны адамның өз қолында.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, адам денсаулығының 50%-і оның өмір сүру деңгейіне, яғни тұрмыстық, әлеуметтік ахуалына байланысты екен. 20%-і экология, 20%-і тұқым қуалаушылық, одан кейін ауыр еңбек пен жүйкеге түсетін салмақ жатыр. Дәрігерлер қайткен күнде де аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану және ерте бастан емделудің маңызды болатынын айтады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы