386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы аң шаруашылықтары қоршаған ортаны қорғауда өзгеше тәсілге көшті

  • 107
  • UPD: 21:43, 10.09.2019

Елімізде аң аулау маусымы басталды. Дәл осы мезгілде табиғаттың сыйын белгіленген тәртіппен емес, қалауынша қолға түсіргісі келетін қаскөйлермен күрес қызады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа маусымнан бастап Жамбыл облысындағы аң шаруашылықтары қоршаған ортаны қорғауда өзгеше тәсілге көшті. Сөйтіп, мамандар проблеманы саятшыларға жағдай жасау арқылы шешпек.

Алматы тұрғыны Клим Магай жылда аңшылық маусымы ашылғаннан бастап Жамбыл облысының Жайлаукөліне асығады. Тәжірибелі аңшы аң-құсты жөнсіз атуды обал санайды. Сондықтан биыл да тиісті жолдамамен келіп отыр. Айтуынша, мемлекеттің табиғатқа деген қамқорлығын арттыруы өте маңызды шешім.

Клим Магай, Алматы қаласының тұрғыны:

- Табиғат бұл баға жетпес байлық. Оның тепе-теңдігін сақтау ортақ парыз. Біздің еліміз аң-құсқа бай. Сырттан келетін талай адам тамсана қарағанда, іштей қызғанасың . Бұл құндылықты ұстап қалу біздің қолымызда. Ол үшін табиғатқа жанашырлықпен қарап, заң аясында аңшылықпен айналысу қажет.

Жайлаукөл - Жамбыл облысындағы аумағы жағынан ең үлкен шаруашылық. 210 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Қазір аң аулау маусымы басталды. Енді мұндағы 22 маман қоршаған ортаны қорғауға бар күштерін салады. Мұнда аң-құсты қорғап ғана қоймай, көбейту мәселесі де мықтап қолға алынған.

Еркін Оспанов, «Жайлаукөл» аң шаруашылығының директоры:

- Мұндағы мақсат – соңғы кезде жойылып бара жатқан құстарды, аңдарды көбейту. Екіншіден, демалатын адамдарға жағдай жасау. Аң-құстың көп болғанын қамтамасыз етумен айналысамыз.

«Бұл браконьерлікпен күрес жүргізудің бір жолы», - дейді мамандар. Қазір арнайы тәлімбақ құрылып, мұнда ителгі өсіру жұмыстары басталды. Қанаты қатқан құстардың 30%-і еркіндікке жіберіліп отырады. Алдағы уақытта шаруашылық өзге де аң-құс түрлерін өсіруді қолға алмақшы. Ал, жетілгеннен кейін аңшыларға рұқсат тек жолдамамен беріледі.

Мохаммад Ахмад Мұстафа, тәлімбақ қызметкері:

- Біздің тәлімбақта әзірге 60-қа жуық құс бар. Қазір күтіп, баптап, қоршаған ортаға бейімдеп жатырмыз. Енді Қызыл кітапқа енген құс түрлерін өсірмекпіз. Солардың бірі дуадақ. Қажетті қора-жай дайын тұр. Тек инкубаторға қоятын құс жұмыртқасын іздеудеміз. Сол жағынан біраз қиындықтар бар.

Қорықшылар соңғы жылдары браконерлердің азайғанын айтады. Дегенмен, әлі де болса оңай олжаға кенелгісі келетіндер жеткілікті. Мәселен, өткен жылы заңсыз аң аулауға қатысты 60 дерек тіркелсе, соңғы 8 айда 25 браконьер ұсталған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция қызметкерлері қаскөйлермен күрес жүргізудегі бірқатар проблемаларды айтып берді.

Нұрғали Ниязқұлов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

Атады да, көліктерімен қашып кетеді. Артынан қуып тоқтатуға біздің құқымыз жоқ. Сес көрсетеді. Мылтықпен қорқытатын жағдайлар орын алады. Өйткені біздің құқықтарымыз нақты қаралмаған. Мемлекеттік қаруды пайдалану жөнінде мынау аңшылық алқапта болсын, басқа жерде болсын, браконьерлерді кез келген уақытта тоқтатуға құқық қорғау органдары секілді солармен сәйкестендірілсе...

Жалпы Жамбыл облысында аң-құстың 17 түрін аулауға рұқсат бар. Олардың жойылып кетпеуі үшін аймақта кешенді шаралар жоспары бекітілді. Енді қорықшылар браконьерлерге қатысты заңның қатаңдатылуын күтіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы