387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында соңғы жеті жылда 30-ға жуық ауыл оңтайландырылған

  • 119
  • UPD: 22:40, 10.09.2019

Мемлекеттік өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Қызылорда облысында 30-ға жуық ауыл оңтайландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, жергілікті басқару тетіктері қайта жүйеленіп, бюджет қаржысы айтарлықтай үнемделіп отыр.

Мәселен Арал ауданындағы тұрғын саны 50-ге жетпейтін 8 ауыл басқа елді мекендермен біріктірілген.

Теміржолдың 91-разъезі Санияз ауылында бір ғана үй бар. Мұнда Сәрсенбай Жұмағұловтың отбасы тұрады. Байырғы теміржолшының бүгінгі кәсібі мал шаруашылығы. Ол бір кездері шаруасы шалқыған ауылды қимастық сезіммен еске алды.

Сәрсенбай Жұмағұлов, Санияз ауылының тұрғыны:

- Мектеп болды 4 сыныпқа дейін. Дүкен болды, ол кезде Сырдарияның суы тегін болып, күні-түні ағып жатты. Малдың бәрі осы жерде болды. Халық малмен отырды ғой, жұмысы бар, малы бар. Енді пойыз тұрмағасын, жұмыс болмағасын, мектеп болмағасын, балалардың оқуы қиын болып, сонымен көшіп кетті. 

2012 жылы бұл ауылда небәрі 8 үй қалған екен. Ал тұрғын саны 50-ге жетпейтін елді мекендер басқа әлеуеті жоғары ауылдарға біріктіріледі.

Нұржау Ділмағамбетов, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі:

Мектеп, фельдшерлік пункт салу керек болды. Егер перспектива болғанда ол болатын еді. Біз сол кезде 8 үй болып, тұрғанның өзінде осы жердегі халықпен сұхбаттастық. Келешек көшеміз деген олардың ойы болды. Сонан кейін біз болашағы жоқ деп есептедік.

Келешегі жоқ ауылдар қатарында Құмсағыз да бар. Мұнда 6 үй ғана түтін түтетіп отыр. Өркениеттің нышаны байқалмайды. 40 жыл бұрын тартылған су құбыры да тозыпты.

Марат Жүнісов, Құмсағыз ауылының тұрғыны:

Бұл жердегілер барғысы келеді ғой, мектебі бар деп. Бірақ ол жер біздің жайылым орнына келмейді, дұрыс емес. Сосын көше алмай отырмыз. Біз осы жерге үйреніп қалған. Малмен отырмыз енді.

Азамат Үмбеталиев, Сексеуіл кенті әкімінің орынбасары:

- Оңтайландыру мақсатында осы жақын жердегі Конту елді мекені бар. Ол жерде кезекке тұрса, өтініш білдірсе, кент әкіміне жер беріледі, үй мәселесін енді айта алмаймыз. Әлеуметтік тұрғын үйлер бізге беріліп жатқан жоқ. Қазір салынып жатқан жоқ. Сондықтан жер беріледі, кезегімен, заңдылыққа сәйкес.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Соңғы 7 жылда өңірде 28 ауыл оңтайландырылған. Бүгінде тұрғыны 50 адамға жетпейтін тағы 9 елді мекен бар. «Оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасау тиімсіз», дейді мамандар. Сондықтан әлеуеті төмен шағын ауылдарды біріктіру мәселесі әлі де болса өзектілігін жойған жоқ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы