387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық кәсіпкер онкологиялық диспансер іргесінен жерлеу бюросын ашқан

  • 95
  • UPD: 22:45, 10.09.2019

Онкологиялық диспансердің дәл іргесінен жерлеу бюросын ашуға бола ма? Бұл Оралдағы жағдай.Осыған жұртшылық наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкердің өзге жер таппағандай осы орталықтан жерлеу қызметін көрсетуі көптің көңілін күпті еткен.

Бұл жерде бұрын дәріхана болыпты. Ғимараттың қазіргі иелері оны жөндеуден өткізіп, жерлеу бюросына айналдырған. «Өмір болған соң бұл қызмет те керек. Бірақ дәл осы емдеу нысанының қасында болмағаны жөн еді», - дейді тұрғынлар. 

Татьяна Коркина, қала тұрғыны:

- Мұның психологиялық күйзеліске әкелетіні рас. Бірақ біз обыр дертінің салдары туралы онсыз да теледидардан күнде естіп, көріп жүрміз ғой. Дегенмен, бұл жерлеу бюросын тап осы жерге салмауға да болатын еді ғой.

Балымжан Жарлығапова, қала тұрғыны:

- Эстетикалық тұрғыдан алғанда бұл дұрыс емес. Бірақ кейде адамдардың дәл осы мекеменің қызметіне зәру болатын да кездері болады ғой. Әсіресе, ауыл тұрғындары қайда барарын білмей дағдарып қалып жатады. Сондықтан бұл қалыпты жағдай әрі осындай мекеме қажет. Өмір бар жерде өлім бар ғой, ол үшін қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Любовь Қасымова, қала тұрғыны:

Болсын, бірақ дәл осы жерде емес! Өйткені, бұл жерге емделуге келетіндердің көңіл-күйін басқалармен салыстыруға келмейді. Сондықтан бұл жерге шіркеу немесе мешіт салса дұрыс болар еді. Менің пікірім осындай.

Мәселенің мән-жайын білмекке даулы мекемеге де бас сұқтық. «Жерлеу бюросының әкімгері былай» дейді:

Наталья Забродина, жерлеу бюросының әкімшісі:

- Біз бұл жерде ем алатын науқастардың да, олардың тума-туыстарының да көңіліне кірбің түсіруді мақсат тұтпадық. Қала бойынша дәл осы бизнесті жүргізуге арналған қолайлы орын жоқтың қасы. Барлық жерде мектептер мен балабақшалар бар. Сондықтан осы жерге таңдау түсті.

Облыста обыр дертіне шалдыққан 7 мыңдай адам диспансерлік есепте тұр. Емдеу нысанына күн сайын 200-ден аса науқас келеді. Қатерлі ісік анықталған тағы 100 шақты сырқатқа осы жерден ем-дом шаралары жасалады. «Сондықтан жерлеуге қатысты қызмет түрін ұсынатын мекеменің көрші орналасуы ақылға сыймайды», -дейді дәрігерлер.

Ерлан Тоқсанов, облыстық онкологиялық диспансер директоры:

- Жеке кәсіпкерлерге рұқсат беретін мекеме біздер емеспіз. Ол қалалық әкімдік, солай емес пе? Сондықтан ол қала әкімдігі рұқсат бергеннен кейін қалған сұрақтарды солар реттеуі керек. Бірақ та жаңағы этикалық жағынан ойлап қарасақ, тап аурухананың қасында ритуал сервис болып жазылып, ол дейтін күндіз-түні жарқырап жанып, адамдардың көңілін өзіне қаратып тұрғанда, онсыз да ұнжырғасы түсіп, қиналып жүрген адамдарға жығылған үстіне жұдырық болады деп есептеймін.

Жерлеу бюросындағылар өздерінің заң шеңберінде әрекет жасап отырғанына сенімді. «Дегенмен, әдеп нормаларына пысқырмайтындардың әрекеті «басы ауырмағанның басқамен ісі жоқ!» дегенді еске салатыны рас», - дейді қала тұрғындары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы