387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Денсаулық» пойызы 18 мың ауыл тұрғынына тегін медициналық көмек көрсетті

  • 109
  • UPD: 22:46, 10.09.2019

18 мың ауыл тұрғыны тегін медициналық көмек алды. Сәуір айынан бері ел ішін аралап жүрген «Денсаулық» пойызы бүгінге дейін осыншама адам қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс және аудан орталықтарынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындарын білікті дәрігерлер тексереді. Медициналық пойыз қазір Ақтөбе облысының алыс ауылдарын аралап жүр.

«Денсаулық» пойызы Шұбарқұдық кентіне кеше аялдады. Алғашқы күні көрінуге келген адам саны аз болғанымен, бүгін таңмен таласа кезекке тұрғандардың қатары көп. Әсіресе, стоматолог, невропотолог, рентген және көз дәрігеріне көрінгісі келетіндер көп. Айтуларынша, мұндай қызмет түрлеріне жергілікті жерде қол жете бермейді.

Зәру Қалиева, Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:

Екі рет белімнен соққы алып, сынды. Шыдай алмаған соң білгір дәрігерлерге көрінейін деп келдім негізі. Былтыр Ақтөбеге жаттық, содан бері биыл бір жыл болды «порталға қоямыз» деп кетеді, содан әлі бірде-бір жатып көрген жоқпын. Ешқандай қаралмайды

Қарлығы Жанкараева, Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:

- Өзіміздің ауылдық УЗИ-ге түсе алмаймыз. 3-4 ай бұрын тіркелу керек оған. Түскенде де шаққа түсеміз. Мынау енді тегін деген соң түсейік десек таңертеңнен бестен бері ас жоқ, су жоқ тұрмыз. Кезек жылжымайды. Сосын нағыз керек кабинеттер жоқ. Мысалы үшін маған мамолог керек, онколог жоқ қаралатын.

Бұл ауыл облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта жатыр. 10 мыңнан астам адам тұрады. Шаруашылығы тұрақты елді мекенде медицина мекемесі де бар. Дегенмен, тұрғындар тегін көрсетілетін кеңес беру – диагностикалық көмекті құр жібергісі жоқ.

Жанар Боранбаева, дәрігер:

- Ультра зерттеуде бізде анықталып жатқаны – өт қабынулары, бауыр, бүйрек қабынулары. Сосын көбісі хрониктер екен. Созылмалы аурулары бар. Тас та анықталып жатыр. Солардың бәрін тексеріп, терапевтке жіберіп жатырмыз.

Мамандардың көбі Алматыдағы Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің қызметкерлері. Соның бірі – Кенжегүл Ахмад мұндай ұзақ сапарға алғаш рет шығып отыр. Отандастарына көмек көрсетіп, олардың денсаулығын жақсартуға үлес қосу сауапты іс екенін айтады.

Кенжегүл Ахмад, дәрігер:

Кешеден бері 20 адам өтті. Өкпесіне шағымданатын адамдар бар. Пневмония, туберкулез қалдығы, жөтел секілді дерттер анықталып жатыр.

«Денсаулық» пойызы бұған дейін жеті облыста болды. Құрамындағы медицина қызметкерлері әр 20 күн сайын ауысып тұрады. Мамандар осы уақытқа дейін мыңдаған адамды қабылдап, кеңес берген.

Сағынбек Аронов, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі:

- Сәуірдің 26-ынан бастап желтоқсанның 20-сына шейін бүкіл Қазақстанның аумағын аралап шығады. Бұл пойыздың мақсаты - 8 айдың ішінде 195 елді мекенді аралап, халық медициналық қызметке көп бара бермейтін мекендерді қамту.

Шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету желтоқсанға дейін жалғасады. Жоспар бойынша 40 мың адамды қамту қажет.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- «Денсаулық» пойызы Ақтөбе облысында тоқтаған әрбір станцияда екі күн болып, жергілікті тұрғындарға тегін қызмет көрсететін болады. Қазірдің өзінде осы Шұбарқұдықтан 100-деген адам дәрігерлерге көрінген. Ал жұрек-қан тамырлары және асқазан ішек аурулары бойынша мыңдаған адам жергілікті ауруханада есепте тұр. Бұдан кейін пойыз көрші Атырау облысына аттанады.

Хабар 24 телеарнасы