386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысы Белбасар ауылында халықаралық деңгейдегі спорт кешені салынып жатыр

  • 95
  • UPD: 23:05, 10.09.2019

Белбасар ауылында халықаралық деңгейдегі алып спорт кешені бой көтерді.

Жамбыл облысының Шу ауданындағы нысанды осы елді мекенде туып өскен азаматтар қор құрып, жиналған қаржыға салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Қазір құрылыс жұмыстарының 80%-і аяқталып, пайдалануға беруге таяу тұр.

Біржан Ертай кешенді пайдалануға беретін күнді тағатсыздана күтіп жүр. Ол болашақта футбол жұлдызы болғысы келеді. Дәл үйінің жанынан салынып жатқан спорт ғимаратына күнде келіп көріп кетеді. Бүгін ауылдас достарымен тағы келіпті.

Біржан Ертай, оқушы:

- Салынып болғанда достарымның бәрін ертіп келіп, футбол ойнаймын. Чемпион болып, Қазақстанның атын шығарамын. Әлемге шығарамын.

Ауыл тұрғындары да дән риза. «Жаңа жұмыс орындары ашылып, бір мезгіл спортпен шұғылданатын болдық», деп қуанып жүр.

Жорабай Құсанов, Белбасар ауылының тұрғыны:

- Бұл біздің ұрпағымызға, келешегімізге өте жақсы болды. Балалардың бәрі спортқа құлшынып жатыр. «Қашан бітеді?» деп немере, шөбереміз күтіп жүр. «Қашан барамыз» деп. Бұйыртса жақында бітіп қалады. Барлығымыз барамыз. Сосын біздің ауылда жаттықтырушылар бар. Бокстан, классикалық күрестен. Олар да күтіп жүр.

Спорт нысанының құрылысы былтыр басталған. Жоба құны 400 миллион теңгеге жуықтайды. 200 орындық заманауи кешен әлемдік стандартқа сай етіп тұрғызылды. Бұл Белбасар ауылында барлық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Марат Жылқыбаев, кәсіпкер:

Жан-жақтан шығып жатқан қалталы азаматтардың ауылға деген бір сүйіспеншілігін арттырып жатыр. Бір ой салсақ деген ой болды. Әркім өз ауылына осындай дүниелер жасаса, болашақта әлемге танытатын спортшы жастар өседі деген ниеттеміз. Туған жер тұғырың, биігің дегендей ауылымызға келіп салайық деген ойымыз ғой енді. Халықтың игілігіне.

Райхан Аманғазиева, Шу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Мәдениет саласында, спорт саласында, әртүрлі құрылыс нысандары жүрді. Қазіргі уақытта бес спорт, яғни үлкен спорт кешенінен екеу және кіші алаңшалардан 3 нысан қазіргі уақытта беріліп отыр.

Шу ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени, әлеуметтік және инфрақұрылымды жақсарту бағытында 10 жоба әзірленген. Қазір емхана, салтанат сарайы, спорт нысандары, жол жөндеу, жарықтандыру сияқты жұмыстар жүріп жатыр. Ал жалпы Жамбыл облысында бағдарлама шеңберінде биыл 80 жоба жүзеге асырылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы