389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында отын тапшылығы жоқ

  • 293
  • UPD: 12:05, 11.09.2019

Қарағанды облысында отын тапшылығы жоқ дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. Биыл өңірдегі 10 шахта мен 13 разрез 40 миллион тонна «қара алтынды» қыр басына шығармақ. Ал кенді аймақтағы бюджеттік мекемелер мен тұрғындар жылына 2 миллион тоннаға жуық көмір жағады екен. 

Қарағанды облысының тұрғындары бір қыста шамамен 1 миллион тонна көмір тұтынады. Жылдағыдай ел арасында дүрбелең тумас үшін биыл отын жаз айынан бері босатылып жатыр. Қазір өңірде 32 көмір тиеу алаңы ұйымдастырылған. Ол жерден әр тоннасын 10 мың 500 теңгеге алуға болады. Әзірге кезек қалың емес, бірақ әдеттегідей қазан айында, алғашқы қар түскенде халық көбейеді екен.

БЛИЦ:

- Күн суыта басталды ғой. Осыдан кейін басталады кезек. Содан желтоқсан айына дейін ғой. Көмірге сұраныс болғанда кезек көп бола бастайды. Астана тасиды, жан-жақтан ауылдар келеді, машина көбейеді, кезек көп болады. 

- Таңертең келгенбіз, әлі тұрмыз. Очередь көп. 

Жергілікті биліктің айтуынша, өңірде көмір қоры жеткілікті. Шахтадан босатылатын баға да былтырғы жылмен салыстырғанда өспеген. Дегенмен, делдалдар құнын шарықтатып жібермес үшін бақылауды күшейтіпті. 

Жыл сайын жылу маусымында жыр болатын Теміртаудағы жылу энергия орталығының жағдайы биыл біршама жақсарғанға ұқсайды. 3 миллиард ақша бөлініп, 4-қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Әкімдіктегілер «тұрғындар енді қыстан қысылмай шығады» деп сендіріп отыр. Дегенмен, құрышты қаладағы өткір тұрған жылу мәселесін біржола шешу үшін 7-қазандықты салу керек. 

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасары:

- 7-қазандық салу керек-тін. Оның жұмысы басталып жатыр. Тендердің барлығы өтті, қазір площадкасын дайындап жатыр. Одан кейін заказ берілген қазандық дайындалып жатыр. Жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Енді ойлаймыз, 7-ші котел кірген соң Теміртаудың жылуы басқаша болады. 

Қарағанды облысында жылыту маусымы қазан айында басталады. Қазір өңірдегі 8 жылу энергия орталығы мен 700-ден астам қазандықта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, қазір 90 проценті аяқталған. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы