387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада 700-ге жуық тұрғын үйдің тек он алтысында ғана ыстық су бар

  • 117
  • UPD: 12:10, 11.09.2019

Қызылорда республика бойынша ыстық сусыз отырған жалғыз облыс орталығы. Қаладағы 7 жүзге жуық көп қабатты үйдің 16-ында ғана тұрғындар қолын жылы суға малып отыр.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда орталықтандырылған ыстық су жүйесі құрдымға ұшырап, содан бері тек салқын суды тұтынатын қызылордалықтар жаппай жылытқыш құралдарын орнатып алған. Қала халқының тұрмыс деңгейіне кері әсер ететін мәселені шешу үшін 5 жыл бұрын пилоттық жоба қолға алынған болатын. Бірақ ол аяқсыз қалды. Өйткені ондаған жылдар пайдаланылмаған 5 жүздей көпқабатты үйдің инженерлік жүйесі әбден тозған. Ал оны жөндеп-жамау тұрғындардың өз мойынында. Жөндеу жұмыстары жүргізілген күннің өзінде жылу электр орталығының шаһар үйлерін түгел ыстық сумен қамтуға қауқары жетпейді. 

Ерлан Жоламанов, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:

- ЖЭО қуаттылығы жетпейді барлығына. Материалдық-моральдық тозу деңгейінен асып кетті. Нормативтік қуаттылығының қазір жартысын де беріп тұрған жоқ. Сондықтан осы мәселені жыл басында қауіпсіздік кеңесінде көтеріліп, Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік дамуы кешенді жоспарына ЖЭО жаңғырту жұмыстары енгізілді. Қазір техника-экономикалық құжаттарын әзірлеу басталып кетті.

Хабар 24 телеарнасы