389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда 1300 метрлік ескі жылу құбыры ауыстырылады

  • 160
  • UPD: 12:10, 11.09.2019

Көкшетауда биыл жылу желілерін жөндеуге коммуналдық мекеме 150 млн теңгеден астам қаражат қарастырып отыр.

Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 1300 метр болатын ескі құбырларды жаңарту жоспарланған. Қазірдің өзінде шамамен 800 метр желі ауыстырылды.

Көкшетауда жылу желілерінің жартысынан астамы ескірген. Ал құбырлардың жалпы ұзындығы 180 шақырымға жуықтайды. Мамандар оларды жыл сайын біртіндеп ауыстырып жатырмыз дейді. Бірақ әр жылы шамамен 1 шақырым ғана желі жаңарады. 

Талап Егінбаев, коммуналдық мекеменің бөлім жетекшісі:

- Өте ескірген, апатты жағдайдағы квартал ішілік және магистральды желілер уақытында ауыстырылады. Жыл сайын осындай ең маңызды деген бөліктерді жаңартамыз. Қазір құбырлардың дайындығы шамамен 85 процент. Барлық жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.  

Қазір қалада құбыр ауыстыру жұмыстары Назарбаев даңғылы мен Жүнісов көшесінің қиылысында, сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин көшесінде қызу жүріп жатыр. Ең ірісі, соңғы аумақ. Мұнда бұрынғы апатты жағдайдағы жылу желілері толықтай жаңартылады. 

Виталий Люлевич, мердігер мекеменің бас инженері:

- Бұл жерде жылу желілерімен қатар, көше кеңейтіліп, абаттандыру жұмыстары жаңадан жүргізіледі. Бұрын алдымен жол салынып, кейіннен ол жерді қайта қазып жататын болса, қазір жол жөндеу мен құбыр ауыстыру қатар келген жағдайда бұл жұмыстар бір мекемеге жүктеледі. Ал, біз алып отырған аумақ, 1 шақырымға жуықтайды. Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылады. 

«Жығылғанға жұдырық» демекші, құбырлардың тозғанымен қоса, қалада жыл сайын жаңа көпқабатты үйлер де тұрғызылады. Бұл да, жылудың жақсы таралуына кері әсер етері сөзсіз. Сол үшін биыл жылу қазандығынан бастап қалаға дейінгі магистраль құбыры кеңейтілген.

Данияр Ақыбаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Қала үлкейіп, тұрғын үйлердің көбеюіне орай бізде қазір төртінші және бесінші жылу қазандықтарының құжаттары әзірленіп жатыр. Олардың біреуі көмірмен, ал, екіншісі, газды мазутпен жанады. Олар алдағы екі жылда іске қосылады. Сондықтан, жылу таратуда проблема болмайды. 

Бүгінде облыс орталығында 900-ге жуық тұрғын үй бар. Баспаналардың 90 проценті қазір жылу маусымына дайын дейді мамандар. Ал жылу арнайы бекітілген ережеге сай 28 қыркүйектен бастап алдымен әлеуметтік нысандарға, кейіннен тұрғын үй алабына беріле бастайды. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы