387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» агенттігі отандық сериалдарды жарыққа шығаруда көш бастап тұр

  • 118
  • UPD: 19:46, 11.09.2019

«Хабар» агенттігі отандық сериалдарды жарыққа шығарудан көш басында.

Телеөнімдер шетелде де сұранысқа ие. Жалпы биыл Қазақстанда көп сериялы 43 туынды түсіріледі.

Бұл туралы «Astana media week» алаңында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Оның айтуынша, дәстүрлі шара Орталық Азия кеңістігінде теңдессіз.

Медиа нарық. Ақпарат заманында газет пен теледидар, радионың рөлі қандай? Сұраныс бар деуге асықпаймыз, жоқ деуге де болмайды. Ал өмірдің өзегіне айналған смартфонға бүкіл әлем сыйып тұр. Тек көрермен сауатын арттыру маңызды. «Astana media week» шарасына жиналған қауымның пікірі осыған саяды. Ол үшін ұсынылатын өнім уақыт талабына лайық болуы керек.

Альп Таныр, продакшн орталықтың бас продюсері /Түркия/

– Қазақстанда реалити-шоу жасау жағы қиындау екен. Әлемдік телекеңістікке сіңіп кеткен жобалар бұл елдің нарығына жат. Меніңше, саланы қаржыландыру мен маман тартуға үлкен көңіл бөлу керек. Сондай-ақ Қазақстандағы телеконтенттің ерекшелігі, әлемде теле сала көңіл көтеретін жобаларымен құнды болса, сіздерде жаңалықтармен, әлеуметтік токшоулармен сұраныста. Осы бағыттарда жұмыс жүргізу қажет деп ойлаймын.

Медиа апталықтың бірінші күні сериал түсірудің қыр-сыры сараланды. Айта кетейін, «Хабар» агенттігі отандық сериалдарды көптеп шығаруға ден қойған. Сапалы туындылар Өзбекстан, Моңғолия, Қытайда сұраныста. Әсіресе, белгілі тұлғалардың өміріне негізделген тарихи-танымдық сериалдардың орны бөлек.

Ринат Кертаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Біз 5 жыл бұрын отандық арналардың ішінде бірінші болып, К. Байсейітова, Б. Момышұлы, Ш. Қалдаяқов, Б. Саттархановтарға биографиялық фильмдер арнауымыз керек деген шешім қабылдадық. Сол шешімнің дұрыс болғанына қазір көзіміз жетіп отыр. Биылдың өзінде Б. Саттархановқа арналған «Бекзат» фильмінің толық нұсқасы қазан айында бүкіл кинотеатрларға шығады. Тәуелсіздік мерекесінде оның сериалдық нұсқасы көрсетіледі. Осы арқылы жас ұрпақты рухани жаңғыруға шақырғымыз келеді.

Соңғы бес жылда агенттік 800 бөлімнен тұратын 56 телесериал түсірген. Мемлекет әлі де отандық туындыларды қолдауға күш сала береді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Біз қиын жолды таңдап, отандық продюсерлеріміздің, кинокомпанияларымыздың сапалы сериалдарды көп түсіруіне жағдай жасадық. Әйтпесе, дайын туындыларды сатып ала салуға да болар еді. Бірақ біз отандық өнім үшін күшімізді салып келеміз. Десе де, біз қымбат сериалдар түсіре алмаймыз. Өйткені қарапайым комедия мен тарихи сериалдың арасы жер мен көктей. Біз осы бағытты жетілдіруге мүдделіміз. Жыл соңына дейін салық жайы реттелетін болады.

Айтпақшы, биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 47 коммерциялық сериал түсіріледі. Ал «Astana media week» аясында үш күн бойы 20-дан астам компания өз жобаларын көпшілікке ұсынады. Шараға келген шетелдік медиатарландар да саланы бірге дамытуға ниет білдіріп отыр.

У Цзян, продюсер /Қытай/

– Менің продюсерлігіммен түсірілген фильмдердің бірі Алматыда көрсетілген. Көрермендер жылы қабылдады дей аламын. Қазір Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланысын нығайтуға үлес қосқым келеді. Ортақ жобалар тууы да ықтимал.

Отандық және шетелдік медиа өкілдері елордада үшінші рет бас қосты. Ертең «Хабар» агенттігінің жаңа маусымдағы жаңашылдықтары меймандар назарына ұсынылады. Медиа нарықты заманға сай дамытатын бірегей шара 13 қыркүйекте аяқталады. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы