387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин Арысты қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

  • 175
  • UPD: 22:21, 11.09.2019

Арыстағы жарылыстан зақымданған үйлердің 99 проценті қалпына келтірілді.

Апат кезінде бүлінген 7 163 үй толық жөнделді. 470 үй қайта салынып жатыр. Бүгін Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында премьер-министр Асқар Мамин Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Түркістандағы әкімшілік іскерлік алаңындағы құрылыс сапасын тексеріп, тарихи-мәдени және әлеуметтік нысандардың құрылысын көрді.

Арыс қалыпты өмір көшіне ілесті. Қазір маусым айындағы апатты еске түсіретін белгілер күннен күнге азайып барады. Тек кейбір көшелерде ғана құрылысшылар соңғы әрлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жарылыс қаладағы 7 мыңнан астам ғимаратқа әсер етті. 470 үйді қайта басынан бастап салуға тура келді.

Нұрлан Егізбаев, Арыс қаласының тұрғыны:

– Өткен жылы ғана толық жөндеуден өткізіп, өзімізге жайлы етіп жасаған едім. Бірақ апат кезінде өртеніп кетті. Ертеңіне келген кезде АКТ жазды қалпына келтіруге келмейді деп. Содан осындай үй салды. Мен осында жүрмін. Біреуі жатын бөлмесі, екіншісі балалар бөлмесі, бізді толық қанағаттандырады. 

Арысқа сапары барысында Асқар Мамин бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді. Қазіргі уақытта 62 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде мектеп, аурухана және спорт алаңдары бар. Сондай-ақ 1904 жылы Николай II жарлығымен салынған темір жол вокзалы да қалпына келтірілді. 

Айткүл Сейсенбаева, «Арыс-1» вокзалы басшысының кезекші көмекшісі:

– Вокзал ғимаратындағы тарихи құндылықтар толығымен сақталды. Үкімет басшылығының вокзалды қалпына келтіріп беру міндеттерін толығымен орындап шықты. Вокзал аймағындағы абаттандыру жұмыстары жақсы аяқталды. Үкімет басшылығына теміржолшылар атынан, Арыс халқының атынан алғысымызды білдіреміз.

Одан кейін Үкімет басшысы Түрікстан қаласында салынып жатқан бірнеше нысанды аралады. Соның бірі – халықаралық әуежей. Жоба түрік компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Тартылған инвестиция көлемі 70 млн АҚШ доллары. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды. Нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Айта кетейік, жақында әуенді су бұрқақ пайдалануға беріледі. Түркістанды жасыл қалаға айналдыру жобасы да қолға алынған.

Сәрсенбек Жүнісов, «Астана бас жоспар» жобалау институтының директоры:

– Сырдария мен Түркістанның ортасын табиғи парк жасасақ деген ой бар. Солтүстік жағы қаланың Кентау қаласы мен маңайындағы таулардан жасыл парктер салсақ деген жоспар бар. Сонда таудан жел келеді, ал Сырдария жақтан да салқын ауа келіп, қаланың микроклиматы өзгереді деген оймыз бар.

Жыл соңына қарай Түркістанда 11 жаңа нысан пайдалануға беріледі. Олардың ішінде облыстық әкімшілік ғимараты, амфитеатр және медиаорталық бар. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы