387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚТЖ: Пойыздарға билет тапшылығы жоқ

  • 121
  • UPD: 22:23, 11.09.2019

Пойыздарға билет тапшылығы жоқ. «Қазақстан темір жолы» азаматтан түскен шағым бойынша арнайы тексеріс ұйымдастырды.

Компания мамандары тілшілер тобымен кассаларды аралап, негізгі бағыттарға жолаушылардың емін-еркін қатынап жатқанын анықтады.

Таяуда еліміздегі телеарналардың бірінде Нұрдос Тәжметов есімді тұрғынның Шымкентке екі күн қатарынан қатынай алмай жатқаны жөнінде материал жарық көрді. Ол елордадағы темір жол кассаларында мүлдем билет жоқ деп шамырқанған еді. «Қазақстан темір жолы» компаниясының мамандары осыны анықтамаққа журналистерді жиып, арнайы тексеріс ұйымдастырды. Олар кассаларға барып, қажет бағытқа билет алып көруге бекінді.

Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:

– Біз сату департаментінен билеттердің тапшылығына қатысты анықтама беруді сұрадық. Сөйтсек, қыркүйектің 6-сы мен 12-сі аралығында барлық бағытқа билеттердің бары анықталды. Сондықтан Нұрдос Тәжметовтың арызын негізсіз деп есептейміз. 

«Қазақстан темір жолы» билет тапшылығын болдырмау үшін жаңа жүйе енгізген. Тың бастама түрлі айла-шарғыға тосқауыл қойды. Енді компания басшылығы билеттердің сатылымын жеңілдету үшін ірі ғаламтор сервистерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

Салмен Амрин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы филиалының директоры:

– Топтық бронь бойынша қулықтар жиі жасалатын. Осы күні 60-қа тарта алақол жеке кассалар бұғаттап тастадық. Бір поштадан 2500 дейін тапсырыс түсетін. Олардың алып-сатар екені анық.

Ұлттық компания «Күту парақшасы» атты жаңа қызмет түрін ойлап тапқан. Ол арқылы билеттерді электронды кезекке тұрып, босаған билеттерді сатып алуға болады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жыл соңына дейін СМС-хабарлама тарату жүйесі іске қосылмақ.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы