387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бала қауіпсіздігі бүкіл қоғамның жұмылып жауапты болуын талап етеді

  • 119
  • UPD: 20:40, 12.09.2019

Биыл Түркістан және Қостанай облыстарында спорттық жабдықтардың құлауынан қос оқушының қаза тапқаны белгілі. Ал Алматы облысында мектеп жанындағы шағын орталықтан бүлдіршіннің құлап кеткені ел есінде. Осындай жазатайым жағдайдан соң бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданды? 

Жаңа оқу жылы Қазығұрт ауданының Жаңабазар елді мекенінде қайғылы жағдайдан басталды. Қыркүйектің бесінде мектеп оқушысы сабақ үстінде көз жұмған болатын. Жеткіншектің үстіне спорт залдағы футбол қақпасы құлап кеткен еді. Осы оқиғадан кейін  816 милилон теңгеге соғылып, жуырда ғана пайдалануға берілген 300 орындық білім ордаларында тексеріс басталды. 

Қайрат Арап, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы:

- Әсіресе пайдалануға берілген бірнеше мектеп бар, сол мектептердің спорттық құрал-жабдықтарының, жылжымалы қақпа, волейбол ойнайтын бағаналары, гимнастикалық брусялар, арқанға өрмелеп шығу осы құрал-жабдықтардың барлығының сапалы орнатылуы қайта тексеріп, зерделеуден өтіп жатыр.

Спорттық жабдықтардың құлауынан Қостанайда да бір жеткіншек көз жұмған болатын. Маусым айындағы қайғылы жағдайдан соң арнайы комиссия құрылды. Жұмыс тобы қаладағы  155 ойын алаңын  тексеріп шықты. Соның ішінде тозығы жетіп, адам өміріне қауіпті деген 8і сүріліп тасталды. Қалалық әкімдік пен пәтер иелері кооперативтері арасында өзара  келісім жасалып, балалар алаңына жауаптылар анықталды.

Алексей Тарасов, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қала бойынша 86 пәтер иелері кооперативтері болса, соның 71-імен меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес, ойын алаңқайларын күтіміне, яғни қақпа, баскетбол шығыршығының шығып кеткен бұрандамаларын бұрау, бояу, дәнекерлеу жұмыстары коопертивтердің құзырына жатады. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты. 

Мамыр айында Талдықорғандағы №19 мектеп лицейінде де жазатайым жағдай болды. Екінші қабаттағы шағын орталықтың терезесінен тәрбиеленуші құлап түскен еді. Абырой болғанда 2 жастағы  бүлдіршін аман қалды. Осыдан кейін мекемені арнайы комиссия тексеріп, терезелері бұрандамен бекітілді.

Маржан Мақашева, шағын орталық әдіскері:

- 18 терезе бар. Сол 18 терезенің барлығы бекітілді. Балалар ұйықтап жатқан кезеде желдету керек. Сол кезде ғана үстіңгі терезені ашамыз. Тәрбиешілермен қауіпсіздік шаралары туралы скл түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Білім мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуде сыртқы бейнебақылау камераларының алар орны зор. Әсіресе мұндай техника мектеп ішіндегі жағдайды жіті қадағалауға мүмкіндік береді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алматы облысында мемлекеттік балабақша, мектеп, колледждер саны 1100-ден асады. Онда 700 мың бала тәрбиеленіп білім алып жатыр. Биыл сол мекемелердің барлығы 100 пайыз сыртқы бейнебақылау камераларымен қамтылатын болады.

Балалардың қауіпсіздігі мектеп қабырғасындағы шаруамен ғана шектелмейді. Көшеде, қоғамдық орындарда  тіпті демалыс кезінде де оқушыларды бақылау қажет. Теріс жолға түспеуі үшін тәрбие беру керек.  Осы мақсатта облыстық білім басқармасы ата-аналар және өкілетті органдармен бірлесе жұмыс істеп жатыр.    

Айнагүл Үшкемпірова, облыстық білім басқармасының  бөлім басшысы:

- Жоспарға сәйкес «Балалар түнгі қалада», «Көше» және тағы басқа да рейдтік шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар баланың мектеп ішіндегі қауіпсіздігі, мектептен тыс жердегі қауіпсіздігі туралы ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Семинарлар мен кездесулер өткізіліп тұрады.

Бала өміріне тиісті мекемелер ғана емес, тұтас қоғам жауапты болу керек. Сонда ғана бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жандос Жұмабеков, Мағауия Қалиев, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы